Шымкентте мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласындағы жеңілдетілген карантин режиміне сәйкес 17 тамыздан бастап мектепке дейінгі ұйымдар жұмысын бастаған болатын.
Бүгінгі таңда қаладағы 508 мектепке дейінгі ұйымда 2743 кезекші топ жұмыс жасап жатыр. Онда 36 359 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда барлық санитарлық талаптар қатаң сақталып келеді.
Кезекші топтағы балалар саны 15-тен аспайды. Ұйымдардағы балалар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына және де оларға қауіпсіз жағдай жасау үшін жауапкершілік мекеме басшысына жүктеліп отыр.
Қызметкерлер мен келушілер үшін қолжетімді орындарға антисептиктер орналастырылған. Тәрбиешілер балалардың қолдарын әрбір тамақтанудың алдында, далада серуендеп келгеннен кейін де жуып отырады.
Бөлмелерге күніне екі рет дезинфекциялық тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Айта кетейік, балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің тілегі бойынша еркін бару режимі қаралған және балалар болмаған жағдайда да мектепке дейінгі ұйымдарда бала орнының сақталуы қамтамасыз етілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат