Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен коронавирустың таралуының алдын алу штабының отырысы өтті.
Онда денсаулық сақтау саласының дайындығы тағы бір рет пысықтады.
Өздеріңізге белгілі, қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленген болатын. Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға дейін дайындалады.
Қалада ӨЖЖ аппараттары мен оттегі, сонымен бірге дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау мекемелерінде 284 науқас коронавируспен ем алып жатыр. Толымдылық 20 пайызды құрайды. Одан бөлек симптомсыз 133 науқас үйлерінде емдеу үстінде.
Шымкент қаласында 29 наурыз күні коронавируспен 13 науқас тіркелді. Одан бөлек, 2345 адам коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. Олар тіркелген емханалардың бақылауында. Мамандар қарым-қатынаста болғандарға күнделікті хабарласып, үйде карантин режимін сақтау керек екенін ескертіп айтуда. Алайда, соған қарамастан симптомсыз науқастар мен қарым-қатынаста болғандар сыртқа шығып кетіп жатқан жағдайлар жоқ емес.
Қала әкімі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды тілге тиек етіп, қала тұрғындарын бетперде киіп жүруге, көпшілік орындарға бармауға, басқа да санитарлық талаптарды сақтап жүруге шақырды. Санитарлық талаптардың орындалуын қадағалайтын мобильді топтардың жұмысын күшейте түсуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат