«Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында 2021 жылдың 1 наурызынан бастап (Футбол, волейбол, баскетбол, шахмат) спорттық ойындар бастау алған болатын.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алдымен баскетболдан финалдық ойындар өтіп, чемпиондар анықталды.
Ойынның қорытындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы №8 үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия мектебі 1-орынды жеңіп алды. Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі 2-орын, №28 жалпы орта білім беретін мектебі 3-орынға ие болды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысушыларға қолдау білдіріп, үздік ойын-өрнегін көрсеткен командаларды жеңісімен құттықтады.
Жеңімпаз атанған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың 1 маусым күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтеді.
Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» жобасы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен және Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Білім басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен өтті.
«ANYQ.KZ» — ақпарат