Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Департамент басшысының айтуынша, COVID-19 жұқтыру жағдайларының тіркелуі бойынша 26 сәуірден бастап Шымкент қаласы «сары аймаққа» кірді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 15 сәуірден бастап бүгінге дейін «қызыл аймақта» болған еді.
– Шымкент қаласында сәуір айының 25 күнінде 2131 жағдай тіркеліп, ауырғандардың саны 4,5 есеге өсті. Наурыз айында есепті кезеңде 473 жағдай тіркелген еді. Эпидемиологиялық зерделеу барысында науқастанғандардың 29,3 пайызы ауырған адаммен қарым-қатынастағылардан анықталды. Қалғандары карантиндік сақтық шараларын сақтамағандықтан індетке шалдыққан. Жыл басынан бері анықталған 3475 науқастың 32,4 пайызы үлкен сауда үйлерге, дүкендерге, 20,1 пайызы базарларға, 18,2 пайызы қоғамдық көліктерде және түрлі жиындарға барғанда жұқтырған, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, департамент басшысының мәліметінше, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың орындалуы бойынша тұрақты негізде санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап, 25-сәуірге дейін 451 санитарлық-ағарту жұмыстары атқарылып, 12338 нысан түсіндіру жұмыстарымен қамтылды.
«ANYQ.KZ» — ақпарат