Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар спорт нысандарын аралап, ондағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қала әкімі, алдымен, жеңіл атлетикалық спорт кешеніне барды. Аталған нысан 2011 жылы пайдалануға берілген. Жалпы аумағы — 4 946,6 шаршы метр. Жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ауданы 3 864,4 шаршы метр жаттығу залы, әрқайсысы 200 метрлік 4 жолақты жүгіру жолы, сондай-ақ азаматтарға қызмет көрсететін арнайы бөлме бар.
Бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, қазір кешеннің сыртқы қасбеті жаңартылып, ішіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Мұрат Әйтенов жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Шаһар басшысы кейіннен қалалық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Қазір мектептің спорт залы және бассейні күрделі жөндеуден өтуде. Мұнда шәкірттерді спорттың 8 түрінен жарысқа дайындайды. Атап айтқанда, жүзу, ескек есу және каноэ, үшсайыс, бокс, баскетбол, шахмат және семсерлесу өнеріне баулиды. 60 жаттықтырушы 800-ден аса баланы олимпиадаға дайындап жүр.
Қала әкімі аралау барысында сала басшысына жастар арасындағы спортты дамыту үшін барлық спорт мектептерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін айтып, нақты тапсырма берді.
Айта кетейік, спорт нысандарындағы жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Бүгінгі таңда Шымкентте 856 спорт нысаны бар. Қала спортшылары 2021 жылғы ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 4 жолдама ұтып алды.
«ANYQ.KZ»—ақпарат