Шымкент: Үкіметтің кеңейтілген отырысынан оралған шаһар басшысы алқалы жиын өткізді

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына байланысты Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен-ді. Мәжіліс барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар жетістіктерге тоқталып, еңбек өнімділігінің елеулі өсімінің болмауының үлкен проблема екенін және шикізаттық емес экспорт үлесінің баяу өсіп жатқанын айтқан. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жиын өткізді. Оған қала әкімдігінің аппараты, салалық басқармалар мен тиісті сала басшылары қатысты. Бұл туралы «ANYQ.kz» ақпарат агенттігі хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаһар басшысы қалада бірінші кезекте шешілуі тиіс шараларды айқындап, оларды Үкіметтің жұмыс жоспарына енгізу бойынша тиісті министрліктермен жұмыс жүргізуді нақты тапсырды. Жиында М.Әйтенов сала басшыларына қордаланған мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырма жүктеді. Дәлірек айтсақ:

— Мемлекет басшысысының көлеңкелі экономикамен күресуді және қолма-қол ақшалай есеп айырысу көлемін қысқарту бойынша тапсырмасын өте тиянақты орындауды;

— Қаладағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың барлығына талдау жүргізіп, оның сапалы толтырылуы мен тиімді басқарылуын, тауар өндірушілердің өнімдерін жақын және алыс өңірлер мен елдерге экспортқа шығару көлемін ұлғайтуды;

— Мемлекет басшысының қымбат автокөлік пен жиһаздарды сатып алуға, әртүрлі форумдарды, семинарларды және конференцияларды өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялағанына байланысты биылға бекітілген бюджетке талдау жүргізіп, тиісті өзгертулерді енгізуді;

— Инвестициялық жобалар бойынша жол картасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай қызмет көрсету терезесін ашуды;

— Мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды және бір көзден сатып алу үлесін қысқартуды;

— Қоғамдық көлік мәселесін де дер кезінде шешуді;

— Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, масылдыққа жол бермеуді бақылауды;

 -Барлық мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камераларын орнатуды және оқу орындарының сыртында орналасқан дәретханаларды ғимарат ішіне орналастыру жұмыстарын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық орындауды;

— Биылғы 1 сәуірге дейін қала тұрғындарын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырумен 100 пайыз қамтуды;

— Тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамтамасыз етуді және цифрландыру жұмыстарын жандандыруды қатаң тапсырды.

Мәжіліс соңында Мұрат Әйтенов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша барлық сала басшыларына тұрғындармен тығыз жұмыс істеуді шегелей ескертті.

«ANYQ.kz»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

4 Comments

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.