
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов Мақсұт Пернебайұлы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дүйсебеков Береке Талғатұлы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, өндірістік нысандардың төтенше жағдайдағы жұмыс қарқынымен танысып қайтты.
«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағы — жалпы аумағы 200 га аймақта құны 29,9 млрд. теңгені құрайтын, 1 630 жұмыс орындарымен 16 жоба жүзеге асырылған аймақ. Оның ішінде 2020 жылдың ақпан айында «СП «Lux Shoes» ЖШС-ның аяқ киім табандарын шығару жобасы іске қосылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін «B.A.E.R.» ЖШС – Дәкеден таңу материалдар өндірісі жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда.
«Кәсіпкерлеріміз төтенше жағдай әсерінен әртүрлі кедергілерге кезігіп, кейбір нысандар жұмыстарын баяулатуға тура келді. Дегенмен, «Әлем — БТ» шұлық шығаратын фабрикасы, аяқ киім өндіруші «Lux Shoes» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды бірқатар өндірістік кәсіпорындар жұмыстарын жалғастыруда. Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмектер мен қолдау шараларын көрсетуге дайын екенімізді жеткіздік»,-дейді Береке Талғатұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.