Қ. А. Ясауи университеті еліміздегі халықаралық статусы бар бірден бір жоғары оқу орны болып табылады

Бүкіл түркі елдерінен жиналған жастардың басын бір шаңырақ астында біріктіріп, оларға ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып білім беруді мақсат еткен киелі шаңырақ жастарының бүгінде бақытты болмауы мүмкін емес.
Өйткені, бұл оқу орнында жастарға жағдай жақсы жасалған.
Түркістан қаласының өзге қалаларға қарағанда артықшылықтары мен ерекшеліктері де бар.
Ол университет атауы мен орналасқан жерінде.
Демек Түркістан, Ахмет Яссауи тарихы мен ұғымдарының астарын түсінген жанға көп нәрсе айтудың өзі де артық деп ойлар едік.
Осы екі атауға қызмет етудің өзі бақыт.
Осы екі атауды көтеріп жүрудің өзі жүк.
Осы екі атауға кір келтірмеудің өзі де жауапкершілік.
Біз Түркістан түлектері осы жауапкершілікті сезіне білуді үйрендік және үйрене білуіміз қажет.
Біз тілдік қоры бай, мәдениеті жоғары, ұлттық киімдері сәнді, ұлттық аспаптары мәнді, мінезі тік қазақ деген ұлтпыз.
Шетелден келіп оқып жатқан әрбір жас студент осы қазақ ұлтының тілімен, дәстүр-салтымен, мәдениет, тарих, әдебиетімен сусындап, содан нәр алып кетулері тиіс.
Елдеріне барған кезде «мен Қазақстан Республикасының бүкіл әлемді аузына қаратқан киелі Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегімін!»- деп мақтаныш сезіммен ауыз толтырып айтқан кезде ол елдің тілі мен мәдениетін, дәстүрін бойына сіңіре алмаса, ол жағы бізге сын болары анық.
Сондықтан, оқып жатқан әрбір жастың бойын қасиетті жердің, елдің құнарлы қазынасымен толықтыру бізге міндет.
Бұл бағыт бойынша оқу орнымызда арнайы қызмет ететін құрылымдық бөлімдер бар. Университетімізде Жастар саясаты департаментіне қарасты Жастар орталығы, Студенттік ректорат яғни студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі жолға қойылған.
Жастарды қолдаудың бір айғағы ретінде жақында ғана университет басшылығы студенттік өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіру үшін заманауи үлгіде жабдықталған жаңа жұмыс кабинетін бөлген болатын.
Студенттік ректораттың жаңа қонысымен құттықтауға университет ректоры Темірбекова Жанар ханым мен ректор өкілі Женгиз Томар және жастар саясатына жауапты вице-ректор А.Тұрғанбаевпен қатар Түлектер қауымдастығының Атқарушы директоры Мәриям Тасболатқызы Асановалар арнайы барып, жастардың талабына сай жабдықталған жаңа қоныста жаңашыл жастар, жаңаша ойлар мен қызықты іс-шаралар туындай беруіне ниеттестігін білдіріп, студенттердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Құтты болсын!
Университте студенттердің өзін-өзі басқару жұмысы жолға қойылған дедік.
Олар немен айналысады? Мақсаты не?
Ондағы студенттердің мақсаты- басқалармен байланыс орнатып, өзара қарым-қатынас жасай білуді, шешім қабылдау мен командада жұмыс істеуді үйрену.
Университеттің және тұтастай қоғамның жұмыстарына қатысып, аса маңызды функцияларды орындау үшін қазіргі заманғы инновациялық технологиялар негізінде білім мен тәрбие процесін дамытуды және жетілдіруді меңгеру.
Сонымен қатар, университет басшылығына студент жастардың мүдделерін қозғайтын мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да мәселелерді шешу үшін жәрдемші болуға және өздерінің іскерлік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететін жағдайлар жасау.
Студенттердің өзін-өзі басқаруы мәдени іс-шаралармен шектеліп қана қоймай, оқу процесін басқаруға, ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруға, студенттердің өзара проблемаларын талдауға, студент жастардың көркем шығармашылығын дамытуға, университет қалашығын абаттандыруға қатысуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бейәдептік құбылыстардың алдын алуға, бос уақыт пен демалыстарын тиімді пайдалануға, студенттерді белсенді ғылыми, оқу және қоғамдық қызметі үшін көтермелеуге, жоғары үлгерімі мен қоғамдық қызметі үшін дербес және атаулы шәкіртақылар тағайындау туралы ұсыныстар білдіріп отыруға атсалысу.
Студенттік өзін-өзі басқару қызметі жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие процесінің ажырамас бір бөлігі болып табылатындығы да сондықтан.
Ұлттық кодымызды ескере отырып, ұлттық құндылықтарды сақтауға, көтеруге, насихаттауға ықпал ету біздің де үлесіміз деп ойлаймыз.
Түлектер қауымдастығы университет жастарымен осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруға қашанда дайын екендігін айта отырып, жастардың жаңа қоныстарымен құттықтайды!

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.