Жыл басынан бері орын алған жол көлік оқиғаларының саны былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 35%-ға, жарақат алғандар 18%-ға, қаза болғандардың саны 38 пайызға төмендеген.
Облыс бойынша 186 жол-көлік оқиғасында 48 адам қаза болып, 260 адам дене жарақатын алған. Жергілікті маңызы бар жолдарда апат саны 41%-ға, қаза болғандар саны 44%-ға, жарақат алғандар саны 36 пайызға азайған.
Алайда дәм-тұзы жол үстінде таусылып жатқандар саны Төлеби, Келес, Ордабасы, Сайрам аудандарында айтарлықтай артқан. Маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссиясының отырысында талқыланды. Облыс басшысы аудан, қала аралық жолдардағы жағдайды қатаң сынға алып, жолдан келер қауіпті тоқтату үшін күндіз-түні қадағалауды тапсырды.
«Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда жолдан қаза тапқандардың тоқтамауы деген не сұмдық? Аудан әкімдеріне тез арада шара қабылдауды тапсырамын. Қатаң тәртіп орнатпаса, болмайды. Ең қауіпті деген жолдарда күндіз-түні қарауыл қойып, тәртіп орнату керек», – деді облыс әкімі.
Жалпы, полиция органдарымен 5 айда 230 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оның ішінде 3 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған. Жол-көлік оқиғаларының орын алуына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін сақтамауы себеп.
«ANYQ.KZ» — ақпарат