
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға қала әкімдігі мен мемлекеттік мекемелер, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен әлеуметтік сала мамандары қатысты. Жиын барысында Түркістан қалалық мансап орталығының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен жыл басынан бері атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Биыл Түркістан қалалық мансап орталығы субсидияланған жұмыс орындары бойынша 2835 адамды қамтуды жоспарлап, оның ішінде қоғамдық жұмысқа – 1112, жастар практикасына – 1182, «Күміс жас» жобасына – 253, әлеуметтік жұмыс орындарына – 287, арнайы жұмыс орнына – 1, тұрақты жұмысқа – 4678, ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында – 2220 адамды тарту көзделген.
Жиында сондай-ақ «Ұлттық жоба» өңірлік картасы шеңберінде қала бойынша 30 жоба арқылы 335 жаңа жұмыс орны ашылатыны атап өтілді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 29 квотаның 11-і орындалса, пробация есебінде тұрған және әлеуметтік осал топтарға да арнайы жұмыс орындары белгіленген.
Сонымен қатар, Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ тарапынан 2025 жылға Түркістан қаласы бойынша 11096 адамды жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін толық орындалады деп жоспарланып отыр.
Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Орайы келгенде еске салайық, өңір бойынша 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін 6 триллион теңге қарастырылып отыр. Ол көмекті алушылар саны шамамен – 5 миллион адам. Сонымен бірге Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті. Бұл қолдаулар демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысының тұрғындарына да оң әсерін тигізеді. Өңірде мемлекеттік міндеттемелерді орындау, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында тиісті шаралар қолға алынған. Әсіресе, жұмыспен қамтуға басымдық берілген.
– 2024 жылы 216 мыңнан аса адамды түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді, 46,7 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарланды. Оның ішінде былтыр 94,8 мың адамға, яғни, 15,8 мың отбасыға 6854,2 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4,4%-ын құрады. АӘК алушылардың еңбекке қабілетті 19,3 мың адамы жұмыспен қамтылды. Биыл аз қамтылған отбасылардың 1-6 жастағы 29,7 мың баласына 1193,2 миллион теңге бөлініп, қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды. Өңірде жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуде. Әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталсақ, 2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 125 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланды. Оның ішінде жобамен 40 %-ы тұрақты жұмыс орындары болады деп күтіліп отыр. «Еңбек» бағыты бойынша 2025 жылға 32 млрд теңге қарастырылған. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды.
Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жалғасады. 2024 жылы 15,8 мың отбасыға (94,8 мың адам) 6 854,2 миллион.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 63 мың адамға немесе 60,1%-ға азайды, ал кедейлік деңгейі 3% төмендеді.
2025 жылы 76,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 10,6 млрд теңге бөлінді. Аз қамтылған азаматтардың санын 2024 жылмен салыстырғанда 20 %-ға және кедейлік деңгейін 3,5 %-ға төмендету жоспарлануда.
Түркістан облысында 99 800 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Ол республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14%-ын құрайды. 2024 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 17,1 млрд теңге бөлінген. Қаралған қаржылар есебінен 67 мыңға жуық техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды. Бұл мақсатта 2025 жылы 13 млрд теңге қаржы қарастыру жоспарланып, қажеттілікті толығымен орындау күтілуде.
Түркістан облысында 220 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Жыл сайын 8 мыңдай зейнеткер сауықтыру орындарында демалыспен қамтылады.
2025 жылы облыс әкімінің өкімімен «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы жылдың алғашқы бес айында 51 552 жұмыс орны ашылды. Олардың 18 мыңнан астамы тұрақты қызмет орындары болса, ал 33 мыңнан астам азамат уақытша жұмыс орындарына орналасқан.
Сонымен қатар, жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында http://xn--nbek-u4d.kz/ платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 4 544 адам онлайн оқытудан өтті. Сондай-ақ, өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 2 063 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды.
Тұтастай алғанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысына сәйкес жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап отыр.
Жалпы, халықты жұмыспен қамту – тек әлеуметтік міндет емес, бұл – әр отбасының әл-ауқатын арттыруға, қаланың тұрақты дамуына бағытталған басты мақсаттардың бірі. Осы мақсатта еліміздегі «Еңбек нарығын дамыту 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Түркістан қаласында нақты жұмыстар атқарылуда.
Биылғы негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, қоғамдық жұмыстарға – 881 адам тартылды. Жастар тәжірибесі бойынша – 127 жас маман еңбекке араласты. Әлеуметтік жұмыс орындары – 15 адам, тұрақты жұмысқа – 1220 азамат орналастырылды. “10 мың тұрғынға 10 000 жұмыс орны” жобасы бойынша – 231 орын ашылды. Жалпы 2025 жылға дейін 11 096 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ұлттық жобалар аясында Түркістанда 30 ірі жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 335 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл жобалар құрылыс, көлік, энергетика, инфрақұрылым, туризм мен кәсіпкерлік салаларын қамтиды.
«Бүгінгі еңбек – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі. Қала тұрғындарының еңбекпен қамтылуы – әкімдік жұмысының басты көрсеткіші. Бұл бағытта қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен серіктес ұйымдар бірлесе отырып, жүйелі түрде жұмыс атқаруымыз қажет» — дейді қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.