
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен салалық департамент басшылары қатысты.
Күн тәртібінде тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы және 2025–2026 жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Мырзабайұлы баяндама жасап, жалға берілетін және субсидиямен бөлінген пәтерлерге қатысты жыл басынан бері жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесі мен жылу маусымында проблемалық жағдай жиі болатын тұрғын үйлердің жай-күйін баяндады.
Осыған дейін, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 1 және 2 мөлтекаудандарда жылыту құбырларының ескіруіне және жарамсыздығына байланысты арнайы жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ретке келтіруді тапсырған болатын.
Ал Жаңа қала шағынауданындағы көпқабатты 16 тұрғын үйдің жертөлелеріне күрделі жөндеу, 25 подъезге ағымдағы жөндеу, 8 шатырға реконструкция, 5 лифтіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мұрәтіліұлы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы, инженерлік жүйелердің ақаулары, және тұрғындардан жиі түсетін шағымдар туралы баяндамасында мәлімдеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласында мемлекет және жеке инвестиция есебінен 37 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасына байланысты нақты ескертулер жасап, әрбір үй бойынша техникалық сараптама жүргізуді, анықталған кемшіліктерді 1 апта ішінде жоюды тапсырды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Жылу» МКК басшысы Ерғазы Абдурахманұлы 2025-2026 жылғы жылу маусымына дайындық барысын баяндады. Қалада жалпы 17 қазандық пен 77 қазан, 56,243 шақырымдық жылу жүйесі бар. Дегенмен, тұрғындар мен заңды тұлғалар тарапынан мекемеге 86 миллион теңге берешек бар. Оның ішінде 77 миллион – заңды тұлғалардан, 9 миллион – жеке тұлғалардан. Қала басшысы жылу жүйелерінің қауіпті учаскелерін карта түрінде жасап, жаңғырту жоспарын ұсынуды, сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету алгоритмін әзірлеуді, генераторлармен қамтамасыз етуді және апаттық бригадалардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.
Жиын соңында қала әкімі барлық сала басшыларына берілген тапсырмалардың заң аясында және белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауды жүктеді.
Атап өту керек, жалпы Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен құрылыс сапасын қадағалау жұмысы күшейтілген. Әрбір нысан бақылауға алынған. Құрылыс сапасына қатысты кезекті жиын облыс орталығында өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мердігерлермен кездесті. Көпқабатты тұрғын үйлердің өзекті мәселелері талқыланған кездесуге құрылыс, сәулет және құрылыс сапасын бақылау мамандары, сондай-ақ қала аумағында жұмыс атқарып жатқан бірқатар мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан түскен арыз — шағымдар мен аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша тұрғын үй құрылысы сапасына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Атап айтқанда, «Дос и К сервис» ЖШС, «Ақ Нұр-строй» ЖШС, «Азим строй» ЖШС, «Саха — 2005» ЖШС, «Талап строй» ЖШС және «Ару — ТАМ» ЖШС сынды мердігер ұйымдардың нысандарына қатысты тиісті ұсыныстар беріліп, жауапты мамандар пікір алмасты.
Жақын арада мердігер мекемелер тарапынан пайдаланудағы тұрғын үйлердің кемшіліктері толық ретке келтіріліп, сапасын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында 420 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындар тарапынан түскен әрбір арыз-шағым — жергілікті әкімдіктің жіті назарында. Мердігер мекемелер мен тұрғындар тарапынан орын алған кемшіліктер толық ретке келтірілетін болады.
Айтпақшы, бүгінде «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстарының біршамасы аяқталған. Бұл кешен алдағы уақытта заманауи талаптарға сай жаңа шағын аудан ретінде тұрғындарға ұсынылмақ. Кешенде 11 үйдің құрылысы басталған. Оның төртеуі жаз маусымында, қалған жетеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.