2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Мемлекеттік кеңесшінің қатысуымен «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Түркістан шаһарында өтіп жатқан «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиумның ашылуына қатысты.

Бұл симпозиумды өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында көтерген еді. Президент алқалы жиында: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет» — деген болатын. Бұл — Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген нақты бастамаларының нәтижесінде жүзеге асып отырған игі шара.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқыды, бұл бастаманың рухани жаңғыру мен ұлттық танымды тереңдетудегі маңызына ерекше тоқталды.

Мемлекеттік кеңесші бұл симпозиум Ясауидің гуманистік идеяларын жүйелі зерттеуге және рухани-зияткерлік мұрасын насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен және Әзірбайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония секілді 14 шет мемлекеттен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар мен зерттеушілер қатысып жатыр. Симпозиумдағы тақырыптық секциялар аясында Ясауи мұрасының түрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар жасалып, пікірталастар болады. Сондай-ақ ғалымдар өзара тәжірибе алмасады. Ясауи ілімінің мазмұнын, оның қазіргі заманмен үндестігін, гуманистік ұстанымдарын түрлі қырынан сараптап жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи – тек өткеннің ғана емес, бүгін мен болашақтың да темірқазығына айналған тұлға. Оның ілімі — ұлттың рухани өзегін құрайтын асыл мұра. Біз бұл құндылықты кеңінен насихаттап, жүйелі зерттеуді жалғастыруға тиіспіз.

Алдағы уақытта бұл симпозиумның дәстүрлі сипат алып, Түркістанның түркі дүниесіндегі ғылыми-рухани орталық ретіндегі мәртебесін бекіте түспек.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ішкі саясат мәселелері жөнінде жиын өткізді. Басқосуға аймақ басшысы Нұралхан Көшеров, аудан әкімдері және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын тиімді орындауға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынасқа, ақпараттық және жастар саясатына, сондай-ақ басқа да түйткілдерге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыру ісіндегі басты қағидаттарға тоқталып, ішкі саясат саласында проактивті, яғни, проблемалардың алдын алу тәсілін қолдану қажеттігіне назар аударды.

Мемлекеттік кеңесші жиынды қорытындылай келе жауапты органдарға ішкі саясат саласын жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ Ерлан Қарин Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, онда жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстарымен танысты. Мемлекеттік кеңесші еліміздің ғана емес, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген бірегей нысан — Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтап қалудың маңызын атап өтті.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі демекші, бүгін Түркістан облысына Түркияның туризм саласындағы жетекші өкілдері арнайы сапармен келді. Атап айтқанда, 18 ірі туристік компания басшылары, «TURSAB» ұйымының 3 өкілі және «Turkish Airlines» әуе компаниясының 2 өкілі Түркістанның туристік әлеуетімен танысты. Қонақтарды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қарсы алып, киелі өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен туризм саласындағы жаңа жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қонақтарға облыстың туристік бағыттары таныстырылып, тарихи және киелі нысандар көрсетілді. Сонымен қатар, инвестициялық мүмкіндіктер мен сервистік қызмет сапасын арттыру бағытында пікір алмасу өтті. Ақпараттық тур аясында меймандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи орындар мен жаңадан бой көтерген туристік нысандарды аралады.

– Бұл сапар – екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шетелдік туристер легін арттыруға және Түркістанды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам. Біз үшін Түркістан – тек тарих емес, болашақтың жарқын бренді. Осы бағытта жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Мұндай сапарлар Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, Түркістанды халықаралық деңгейде танымал етуге зор ықпал етеді.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында түркістандық делегация өкілдері Түркияның Ыстанбұл қаласына барып, «TURSAB» туристік ұйымына мүше компаниялармен кездескен болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You