2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Облыс орталығындағы көшелердің 50,3%-ы — жақсы және қанағаттанарлық жағдайда

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтіп, жол инфрақұрылымын дамыту жоспарының орындалу барысы және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау мен қаланың 6 секторы бойынша өзекті мәселелер қаралды.

Түркістан қаласының жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Қазіргі таңда қалада 845 шақырым жол мен 875 көше бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың 50,3%-ы — жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Биыл қосымша 138,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар толық іске асырылған жағдайда жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7%-ға жетеді деп межеленген. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан баяндады.

Қала әкімі орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына байланысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқаны, ішкі көшелердің назардан тыс қалуы және жобалық-сметалық құжаттар мен бюджеттеу барысында жүйелі кемшіліктердің бар екендігі айтылды.

Мәжіліс барысында жол инфрақұрылымына қатысты тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға ерекше назар аударылды. 2025 жылдың 27–29 мамыр аралығында өткен қоғамдық қабылдаулар барысында 171 мәселе көтеріліп, соның 52-сі жол мәселелеріне қатысты болған. Бұл әр үшінші шағым жол сапасына байланысты екенін білдіреді.

— «Көшелер жөнделіп жатыр, жобалар жасалуда – бірақ тұрғындардың сұранысы мен жоспардың арасында байланыс жоқ. Қала аумағында жаңадан асфальт төселіп жатқан көшелерге жол белгілері уақытылы орнатылмай отыр. Бұл – ең алдымен жол-көлік оқиғаларына алып келетін тікелей қауіп. Бұдан былай жол жөндеу мен жол қауіпсіздігі шаралары — біртұтас процесс ретінде қаралуы тиіс. Жол бар, бірақ белгі жоқ деген жағдайға мүлде жол берілмесін», — деді қала әкімі.

Сонымен қатар, мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жұмыс нәтижесінде анықталған өзекті мәселелер талданып, қала аумағындағы ретсіз сауда мен жарнамаларды ретке келтіру, салық төлемдерін өндіру, кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың тұрғындарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын, жол-көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік және қала тазалығы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі басым бағыттар екенін атап өтті.

Қаладағы негізгі көше желілерінің бірі – Тәуке хан даңғылы. Оның жалпы ұзындығы 5,16 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда даңғылда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 2,3 шақырым бөлігіне жаңа асфальт жабындысы төселіп, жөндеу толық аяқталды. Жолдың ескі қабаты арнайы техникамен қырылып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт салынуда.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында даңғыл бойындағы жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары 45 күн ішінде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Осы ретте атап өтер негізгі мәселе. Жолды салу бар, оны жыл мезгілдеріне орай күтіп ұстау дейтін ұғым тағы бар. Осыған орай Түркістан қаласында жаз мезгіліндегі жоғары температураға байланысты жол жамылғыларын аэрация әдісімен суару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Аэрация +30°C-тан жоғары ауа температурасы кезінде асфальт жабындарының қызып кетуінің алдын алуға бағытталған тиімді тәсіл саналады. Бұл әдіс бүгінде Түркістан қаласының орталық көшелері мен ірі магистралдарын салқындату мақсатында кеңінен қолданылуда.

Сала мамандарының мәліметінше, аэрация жол төсемелерінің қызып, құрылымының бұзылуына жол бермей, асфальттың ерте тозуының алдын алады. Сонымен қатар, жол сапасын ұзақ мерзімге сақтап, күтім шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Аталған әдіс жол бойындағы жасыл белдеулер мен гүлзарлар үшін де тиімді. Су тамшылары өсімдіктерге қажетті ылғалды қамтамасыз етіп, аптап ыстықта жасыл желектердің күйіп кетуінен қорғайды.

Қазіргі таңда аэрациялау жұмыстары арнайы техника мен бүріккіш құрылғылардың көмегімен күн сайын екі мезгілде – таңертең және кешкі уақытта – жүйелі түрде жүргізілу үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You