
Бүгін Түркістан қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесулер аясында Әзімбек Пазылбекұлы Сауран секторының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы және сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған жобалармен таныстырып, тұрғындармен ашық диалог орнатты.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар жол сапасы мен қауіпсіздігі, тұрғын үй аулаларының тазалығы, ойын алаңшалары мен қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы сынды мәселелерді көтерді. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сауран секторында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда А.Жангелдин көшесінде жаңа ойын алаңшасын салу, Бейімбет Майлин көшесіндегі айналма жолда МАФ орнату, сондай-ақ №1, 2 мөлтекаудандарда аулалық аумақтарды абаттандыру, ойын алаңшаларын ағымдағы жөндеу және жарық шамдарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, О.Жарылқапов көшесінде жол белгілерін орнату, Әл-Фараби көшесінде жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Энергетиктер көшесінде аулаішілік абаттандыру жұмыстары бастау алды.
Сонымен қатар, сектордағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге су жүйелерін тарту және қайта құру бойынша 2-кезек жобасы әзірлену үстінде. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланып отыр.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз-шағымын тыңдады.
Сонымен қатар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесу барысында бүгін Бекзат секторының тұрғындарымен де кездесті.
Бекзаттық тұрғындар қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы және жер мәселелері бойынша қала басшысына өз мәселелерін жеткізді. Әзімбек Пазылбекұлы барлық сұрақтарды тыңдап, уақыт күттірмейтін мәселелерді сол жерде шешіп, жауапты сала
басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Осыған дейінгі Бекзат секторы тұрғындары мен әкім кездесуінде 34 мәселе көтерсе, олардың 20-сы бүгінде шешімін тауып, 14-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Секторда инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, Қойшыбаев көшесіндегі ескі трансформатор жаңартылып, балалар ойын алаңы жөндеуден өтті. №18 мектеп аумағында спорт және ойын алаңдарының құрылысы 90 пайызға аяқталды.
Байланыс сапасын арттыру мақсатында Айдын және Мұзтау көшелеріне ұялы байланыс операторларының базалық станциялары орнатылды. Қосымша үш мұнара орнату көзделуде. Сонымен қатар, бірқатар көшелерге үй интернеті жеткізіліп, жыл соңына дейін Бекзат секторына 35 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.
Кездесу соңында Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен қалалық тазалықты сақтауға белсенді атсалысуға шақырып, жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдады.
Айта кетейік, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесуі ертең де Мәдени-рухани орталықта орналасқан «Ұлы дала орталығы» кешенінде жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.