2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласын көгалдандыру әрқашан назарда тұр

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы инфрақұрылым мен көгалдандыру жұмыстарына қатысты сараптамалық жиыны өтті.

Жиынға әкімдік қызметкерлерімен қатар тиісті құрылымдық бөлім басшылары, коммуналдық мекемелер мен мердігер ұйымдардың жетекшілері қатысты. Кездесу барысында қаладағы инфрақұрылым нысандарының техникалық жағдайы, көгалдандыру, суғару және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Қала аумағындағы 60 көгалдандыру нысанын күтіп-баптау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесі таныстырылды.  Ж.Шаяхметов, Абылайхан, Әбуова көшелеріндегі аллеялар мен Төле би көшесіндегі суғару жүйелері қажет етілсе, «Тұран» және «Сауран» тұрғын үй кешендері маңындағы көгалдандыру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізілу қажет етіледі.

Сондай-ақ, қала көшелерінде шөп шабу, суғару, қураған ағаштар мен көгалдарды қалпына келтіру шараларын жандандыру тапсырылды.

Қала әкімдігі көгалдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен ұйымдастырып, егілген көшеттерді уақытылы күтіп-баптау мен суару жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

Ал жаңа әуежай бағытындағы жол бойына орналасқан алқап көктемде 8 мыңға жуық көшетпен толықтырылған. Учаскеде тамшылатып суару жүйесіне түгендеу жүргізіліп, істен шыққандарын ауыстыру қолға алынған. Құбырларды реттеу, арықтарды тазалау бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы тексеріліп, жауаптылардың жұмысы сараланып тұрады ұдайы.

Мұндағы 11 шақырымға созылған жасыл белдеу 7 сусорғы (насос) арқылы суғарылады. Жас көшеттердің топырағын тыңайтып, қосымша суғаруға 5 трактор бекітілген. Өндірістік парк төңірегіндегі жасыл желектердің жағдайы да мамандардың бақылауында. Бұл аймақ су таситын кезекші көлікпен қамтылған.

Жаңа әуежай тас жолының бойындағы екпелерге су жеткізу мәселесін шешу үшін учаскенің шығыс-солтүстік жақ бетінен жасанды тоған салынып, келетін суды жинайтын арнайы бассейін орнатылған. Су 3 орталық сорап арқылы тамшылатып суару жүйесіне жеткізіледі.

Облыс әкімінің орынбасапы Нұрбол Тұрашбеков жасыл желектерді баптауға жаз мезгіліне арнайы кесте бекітіп, кезекшілік түзуді тапсырған болатын. Сондай-ақ ағаштарды суғару уақытына өзгеріс енгізу қажеттігін де ескерткен.

Қалай десек те, Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Мамырдың 30-ында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысып, қаладағы «Жасыл аймақ» мекемесіндегі орман тұқымбағы мен жылыжайларын аралап көрді. Өңір басшысы «Жасыл белдеуге» жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандырып, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.

Түркістан қаласын шаң-тозаңнан сақтап, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құрылды. Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі таңға дейін 29 544,0 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Оның ішінде Түркістан қаласы 2852,0 гектар, Сауран ауданы 19362,0 гектар және Отырар ауданы 7 330,0 гектар аумақты құрайды.

Қала айналасынан 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071,0 гектар жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтсақ, жапырақты ағаш көшеттері – 8 337,0 гектар, сексеуіл екпелері – 9 734,0 гектар.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайы туралы мәлімдеп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Орман екпелерін суару мақсатында 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылды. Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90 % электр желісі тартылған. Электр желісі тартылған учаскелерде 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10 % бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жер аумағында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған.

Тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында заманауи тұқымбақ құрылды. Бүгінгі таңда, 1,0 гектар аумақты көленкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату, 6 жылыжай кешені мен ауқымды су жинау бассейні мен жылыту қазандығы және орманшылар үйі салынды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You