
Қала аумағындағы құрылыс жұмыстары мен сәулеттік жобаларға қатысты өзекті мәселелерді қарайтын арнайы кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысына Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен салалық мекеме басшылары, сәулетшілер мен жобалаушы ұйым өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қала аумағында жаңадан бой көтеріп жатқан және жоспарланған сәулеттік жобалар қаралды. Атап айтқанда, Яссы секторындағы Кентау тасжолы бойында абаттандыру жұмыстары тыңдалды. Сонымен қатар темір жол вокзалы маңын колонна элементтерімен көріктендіру жобасы, Яссы, Бекзат және Сауран секторларындағы әлеуметтік нысандар орталығын дамыту мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, «Көк Түрік», «Екі дүние есігі», «Ұлттық қазына», «Хандар аллеясы» сынды монументалды нысандар бойынша жаңа ұсыныстар мен жобалық өзгерістер таныстырылып, кеңінен талқыланды. Жиын барысында «Керуен Сарай» кешенінің жаңа сәулеттік шешімдері де кеңінен қаралды.
Жиын барысында Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Маратбекұлы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Қадірұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасап, «Art-Alliance» шығармашылық тобы Түркістанның тарихын заманауи бейнемен ұштастыратын идеяларын ұсынды.
Айтпақшы, бүгін Түркістанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы басталды. Халықаралық симпозиумның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мароккодан келген ISESCO жоба менеджері Осама Элнахас, сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстан Түркі әлемі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары және де халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.
– Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау жолындағы игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Бұл бағытта қазір облыс орталығында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде арихитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы – бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозуим жұмысына сәттілік тіледі.
Құттықтау сөз алған Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі қызметі мен атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
– Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғаны сөзсіз. Бүгінгі таңда Қор тарапынан Түркі елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040», «TURKTIME» стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан бастамаларды басшылыққа ала отырып, түптамыры бір, дәстүрлері ортақ түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани сабақтастықтарын жетілдіру бағытында өз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Симпозиум түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау мен дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Бірлігіміз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей берсін, – деді қор президенті.
Әрі қарай пленарлық отырысқа ұласты. Жиынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті. Әзірбайжан Республикасы Археология және антропология институты директорының орынбасары З.Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Юсупова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен профессор, т.ғ.д. М.Қожа баяндама жасады.
Симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналған. Алдыңғы қатарлы мамандар, сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен зерттеушілер сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін бас қосады. Халықаралық шараның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау. Сәулет және реставрация саласындағы шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу.
Симпозиум аясында сәулетшілер мен реставраторлардың ұйымдастыруымен Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу жоспарланған. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Махмұд Қашқаридың (Барскани) «Диуани лұғат ат-түрктің» 950 жылдығына арналған көрме ашылды. Бұл бастамалар түркі өркениетінің сәулет ескерткіштері мен тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытында ұйымдастырылып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.