
Түркістан қаласында биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 4 үйдің құрылысы аяқталып, 348 пәтер өз иесін тапты. Бұдан бөлек, несие жүйесімен 2025 жылы жалпы 2 082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
«Бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 17 058. Оның 6 487-сі әлсіз топ мүшелері болса, 5 185-і – көпбалалы отбасылар, 181-і – тұл жетім санатындағылар. Сондай-ақ, 5 203 отбасы бюджет есебінен баспаналы болуға кезекте тұрса, 2 үй апатты жағдайда деп танылуына байланысты жаңа үй алу кезегіне тіркелген. Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендiру туралы қағидаларына да бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бірнеше санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын баспаналарды өз меншігіне өтеусіз алуға мүмкіндік алып отыр» — дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында «Отбасы банк» арқылы кредиттік жүйемен 2025 жылы жалпы 2082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев айтты. Аталған тұрғын үйлерге өтініштер үй кезекте Түркістан облысы бойынша тұрған Банк салымшыларынан қабылданады. Қазіргі таңда аталған банк арқылы 1 016 пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгеден болса, 1 066 пәтердің шаршы метрі 220 мың теңгеге бағаланып отыр.
Расында да, Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы күн сайын қарқынды жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і – әлеуметтік бағытта бой көтереді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кеше бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Аралау барысында қала басшысы тұрғын үй кешендерінің құрылыс сапасына аса мән беріп, жауаптыларға біршама міндеттер жүктеді.
«Құрылысы жүріп жатқан әрбір үйдің сапасына және қауіпсіздігіне баса мән беруіміз қажет. Бұл қала халқының тұрмысы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Құрылыс жұмыстары бәсеңдемеуі тиіс», – деді қала әкімі.
Бүгінде «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Бұл кешен алдағы уақытта заманауи талаптарға сай жаңа шағын аудан ретінде тұрғындарға ұсынылмақ. Кешенде 11 үйдің құрылысы басталған. Оның төртеуі жаз маусымында, қалған жетеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ал «Отырар» шағынауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйлер көп ұзамай пайдалануға беріледі. Аумағы – 11,4 гектар, 800 пәтерден тұратын 20 тұрғын үйдің құрылысын «Project Building» ЖШС жобалаған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.