
Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастыруымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты театрландырылған шоу алғаш рет өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен тығыз байланысты нығайту.
Аталған бастама Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне сай инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Бұл – әлеуметтік теңдікті насихаттап, ерекше жандардың әлеуетін көрсетуге арналған маңызды қадам.
Іс-шара аясында Түркістан өңірінен жиналған балалардың қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында ұлттық нақыштағы туындылар мен шығармашылық жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар 40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды. Жобаның ерекшелігі – барлық қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен дайындық процесінен өтті. Бұл олардың сахнада өз өнерін сенімді көрсетуіне және шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік берді.
Жобаның негізгі құндылықтары — қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерту, инклюзия мен толеранттылықты нығайту, балалардың ішкі әлемін өнер арқылы ашу, кәсіби мамандардың сүйемелдеуімен сапалы шығармашылық орта қалыптастыру және қолөнер мен ұлттық өнерді дәріптеу.
Бұл – жай ғана өнер кеші емес, бұл – ерекше жандардың жүрегінен шыққан шынайы шабыт пен сенімнің көрінісі.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және инклюзивті, арнайы білім беруді жүйелі дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі. Құжат арнайы білім берудің шарттарына, сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптарды айқындайды, сондай-ақ осындай қолдау көрсетуге жауапты ұйымдар мен мамандардың қызметін реттейді. Мемлекеттік деңгейде алғаш рет білім берудің барлық сатыларында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге жүйелі тәсіл бекітіледі.
«Бұйрық жобасы балалардың барлық санаттары үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Қазір сондай-ақ «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» Заң әзірленуде, ол балалар мен отбасыларын ведомствоаралық сүйемелдеудің институционалдық және құқықтық тетіктерін қамтитын болады», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы министрлік инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы нормативтік базаға кешенді талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 15 нормативтік-құқықтық акт бекітіліп, нәтижесінде, балаларға туғаннан бастап мамандық алғанға дейінгі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі енгізілді. Қолдау кабинеттеріне жаңа талаптар белгіленді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жеке бағдарламалары әзірленді, педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар енгізілді.
2024 жылғы деректерге сүйенсек, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асқан.
Айта өтейік, жыл басынан бері Түркістан қаласының әлеуметтік саласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Бүгінде шаһарда 12 031 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелсе, соның ішінде 7583 азамат жеке оңалту бағдарламасымен қамтылған. Бұл көрсеткіш – ерекше санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың дәлелі.
Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтар тарапынан 6325 өтініш түсіп, олардың 4033-і нақты құралдармен қамтамасыз етілген.
Бұл ретте оңалтудың барлық түрлері қамтылған:
🔹 Протез-ортопедиялық құралдар – 374 адам (60,03%);
🔹 Сурдо және тифло-техникалық құралдар – 203 адам;
🔹 Арнаулы жүріп-тұру құралдары – 227 адам (94,19%);
🔹 Санаторлық-курорттық емдеу – 654 адам (25,57%);
🔹 Жеке көмекші қызметі – 267 адам (100%);
🔹 Ымдау тілі маманының қызметі – 148 адам (99,33%);
🔹 Міндетті гигиеналық құралдар – 2160 адам (97,65%);
Бұл көрсеткіштер инклюзивті қоғам құру, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың Түркістан қаласында нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар қала аумағында арнайы әлеуметтік көлік қызметтері де тиімді жұмыс істеуде:
• 11 инватакси, оны тұрақты түрде 211 адам пайдаланады;
• 4 әлеуметтік такси, оны 51 азамат қолданады;
• Күндізгі қатынау орталығы арқылы 50 ерекше балаға тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.