2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласында жаңа саябақ салынып жатыр

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында үлкен жасанды көлмен қамтылған жаңа қалалық саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл — қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған Түркістандағы ірі жобалардың бірі.

Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы саябақ құрылысын бақылап, сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Құрылыс барысындағы бірқатар кемшіліктерді ретке келтіріп, уақытылы, сапалы орындауды тапсырды.

Саябақтың жалпы аумағы 32 гектарды құраса, оның дәл ортасында көлемді, жасанды көл болмақ. Саябақ ішінде жаяу жүргіншілер көпірі мен субұрқақтар, сарқырама мен тамашалау алаңдары, заманауи қоғамдық тамақтану орындары, архитектуралық аркалар мен арнайы орындықтар қарастырылған.

Құрылыстың толық аяқталуы 2025 жылға жоспарланған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда негізгі құрылымдар бой көтеріп, соңғы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада ашылады деп жоспарланып отыр.

«Бүгінгі Түркістан – бұл тек тарихи мекен ғана емес, болашаққа бағдарланған заманауи қала. Біз қаламыздың жаңа келбетін қалыптастырып, тұрғындарға сапалы инфрақұрылым мен демалыс орындарын ұсыну үшін жүйелі жұмыстарды жандарып келеміз» — дейді Әзімбек Пазылбекұлы.

Орайы келгенде атап өтерлік жайт, Түркістан қаласының Самал мөлтекауданының тұрғындары өз аумақтарын көркейту мен абаттандыру бағытында белсенділік танытуда. Қала келбетін жақсарту мен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында олар бірлесе отырып бірқатар игі жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

Атап айтқанда, тұрғындар өз аулаларына түрлі-түсті әсем шарлар іліп, балаларға арналған ойын алаңшаларын орнатып, сәндік мүсіндермен безендіру жұмыстарын жүргізуде.

Абаттандыру жұмыстары аула ішіндегі кеңістікті көріктендіріп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беруде. Әсіресе, балалар мен жастар үшін ойын алаңдары мен демалыс орындарының қолжетімді болуы — олардың белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етуде.

Самал мөлтекауданы тұрғындарының бастамасы қаладағы өзге де тұрғындарға үлгі болары сөзсіз. Қоғамдық ортадағы тазалық пен тәртіп, көркейту мен көгалдандыру жұмыстарының табысты жүзеге асуы — әр азаматтың белсенділігі мен жанашырлығына тікелей байланысты.

Осы ретте Түркістан қаласының әкімдігі тұрғындарды аула аумақтарын көркейтуге, ортақ игілік жолында бірлесіп еңбек етуге шақырады. Таза, қауіпсіз және көрікті қала — баршамыздың ортақ мақсатымыз.

Сонымен қатар қала инфрақұрылымын жаңарту және тұрғындарға ыңғайлы орта қалыптастыру да – Түркістан қаласы әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ағымдағы жылы жол жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынып, бірнеше көшеде құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Бүгінде Тыныштықұлов және Әл-Фараби көшелеріндегі құрылыс жұмыстары толық аяқталды.

Сонымен қатар, Тәуке хан даңғылы, Жандосов және Наурызым көшелерінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Тәуке хан даңғылында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жалпы ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын бұл даңғылда толық ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңда Н.Төреқұлов көшесінен бастап Т.Бокин көшесіне дейінгі 0,45 шақырым аралығында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында асфальт жабындысын жаңарту, тротуарларды қалпына келтіру, су ағар жүйесін ретке келтіру және жол белгілерін орнату секілді бірқатар жұмыстар атқарылмақ.

Алдағы уақытта Бейімбет Майлин көшесінде де қайта жаңғырту жұмыстары басталатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You