2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласында жол сапасын сақтау және жасыл желекті күту жұмыстары жаңа технология арқылы жүргізіліп жатыр

Түркістан қаласында коммуналдық қызметтердің жұмысы жаңа технологияларды қолдану арқылы жанданып келеді. Қазіргі таңда қалада ауа аэрациясы әдісімен жол жамылғыларын суару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілу үстінде.

Аэрация – жоғары температура кезінде асфальт жамылғыларының қызып кетуін болдырмауға бағытталған тиімді әдіс. Бұл тәсіл +30°C-тан жоғары температура жиі тіркелетін елдерде кеңінен қолданылады. Түркістанда бұл әдіс орталық көшелер мен үлкен магистралдарды суыту үшін енгізілген.

Мамандардың айтуынша, аэрация арқылы жол төсемелерінің қызып, еріп, бүлінуінің алдын алуға болады. Жоғары температура асфальт құрылымына кері әсер етіп, оның ерте тозуына себеп болуы мүмкін. Ал аэрация, керісінше, жолдың сапасын ұзақ мерзімге сақтап, күтім шығындарын азайтады.

Сонымен қатар, бұл әдіс жол бойындағы гүлзарлар мен жасыл белдеулерге де оң әсер етеді. Су тамшылары арқылы өсімдіктерге қажетті ылғал жеткізіліп, ыстық күндері жасыл желектердің күйіп кетуінің алдын алады.

Орайы келгенде еске салар жайт, бүгін Түркістанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысып, жалпы саны 800-ге жуық адам қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар сенбілікке 15 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында Отырар тұрғын алқабына қарасты көшелерде шөптер шабылып, аяқ жолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды. Нәтижесінде 40 тоннаға жуық тұрмыстық және табиғи қоқыс қалдықтары шығарылды.

Сонымен қатар қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта тазалық қызметкерлері тарапынан сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта Түркістанда аэрация жұмыстары күнделікті екі мезгілде – таңертең және кешкі уақытта жүзеге асырылады. Жұмыстар арнайы техника мен бүріккіш құрылғылар арқылы орындалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You