2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралап, жай-күйімен танысты. Алдымен бірнеше көшені аралап, жол жөндеу жұмыстарын қадағалады.

Облыс әкіміне Қазыбек би және О.Жарылқапов көшелері аралығындағы жол құрылысының барысы таныстырылды. Жолдың ұзындығы – 2,5 шақырым, төрт жолақты. Құрылысы қарқынды жүруде. Қаржысы толық бөлінсе, биыл аяқталады. Тәуке хан көшесін жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, аяқжолдар салынады.

Одан кейін Нұралхан Көшеров Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жұмыстарын көрді. Жолдың ұзындығы – 7,4 шақырым, 4 жолақты. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бүгінде 3 463 412,3 мың теңге игерілген. Толық қаржыландыру күтіліп отыр. Бұл жол салынған соң «Бекзат» шағынауданының тұрғындарына өте қолайлы болмақ. Қала орталығындағы жол жүктемесі де азаяды.

Облыс әкімі жол жөндеу саласындағы жұмыстар бойынша қала әкімі мен жауапты орынбасарларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Мәселелер бақылауға алынды.

Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

Айта өтейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуда.

Аталған саладағы мәселелер бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

– Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептері тыңдалды.

Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысымен 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.

Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп, жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету мен битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту мен айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You