
Қала аумағындағы құрылыс жұмыстары мен сәулеттік жобаларға қатысты өзекті мәселелерді қарайтын арнайы кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысына Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен салалық мекеме басшылары, сәулетшілер мен жобалаушы ұйым өкілдері, сондай-ақ инвесторлар қатысты.
Күн тәртібінде Түркістан қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, №29 және №30 блоктардағы 5 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы, «Ali Residence» таунхаус кешенінің жобасы, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында, №11 және №38 көше қиылысында орналасатын террасасы бар мейрамхана кешенінің құрылысы, Әкімшілік-іскерлік орталық, №11 көшесінде орналасатын қонақ үй мен мейрамхана кешенінің жобасы, қосымша 5 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы сынды алты мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «МПК-Проект» ЖШС өкілі Бекзат Әділов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Түркістан қаласының Бас жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың халықаралық стандарттарға, атап айтқанда, ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келуінің маңыздылығын атап өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағының шекараларын сақтау және тарихи мұраларды қорғау мақсатында жаңа құрылыс жобаларына қойылатын талаптар мен шектеулер егжей-тегжейлі талқыланды.
Сонымен қатар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Бердісүгіров баяндама жасады. Ол тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысы туралы баяндап, жобаларының әлеуметтік маңыздылығы мен қала инфрақұрылымын атап өтті.
Жиын барысында әлеуетті инвесторлар мен жобалаушы компаниялар да өз жобаларын таныстырып, сәулет және қала құрылысы талаптарына сәйкестігі тұрғысынан талқылауға ұсынды.
Мәжіліс барысында барлық мәселелер бойынша ұсыныстар қаралып, бірқатар жобалар мақұлданды.
Биыл Түркістан шаһарында 159 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Құрылыс демекші, Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың қауіпсіз және жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспанның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда қала аумағында 845 шақырым жол мен 875 көше бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда тұр. Айталық, қазіргі таңда қала аумағындағы Әл-Фараби және М.Тынышқұлов көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Яссы және Шауғар тұрғын алаптарындағы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 433,49 шақырымға жетіп, бұл 51,3 пайыздық көрсеткішті құрап отыр.
2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2 жол нысанын қайта құру, 2 жаяу жүргіншілер көпірін салу, сондай-ақ 45 000 шаршы метр аумақта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аталған іс-шаралар толық көлемде жүзеге асқан жағдайда, қалаішілік жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 67 пайызға дейін артады деп күтіліп отыр.
Қаладағы негізгі көше желілерінің бірі – Тәуке хан даңғылы. Оның жалпы ұзындығы 5,16 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда даңғылда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 2,3 шақырым бөлігіне жаңа асфальт жабындысы төселіп, жөндеу толық аяқталды. Жолдың ескі қабаты арнайы техникамен қырылып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт салынуда.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында даңғыл бойындағы жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Атап өту керек, автомобиль жолдары ел экономикасының күретамыры һәм халықтың күнделікті өмірінің маңызды бөлігі саналады. Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту – тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беретін стратегиялық бағыттардың бірі. Сапалы жол – қауіпсіздік пен уақыт үнемі. Түркістан облысы үлкен географиялық аумақта орналасқан, ауылдар мен қалалардың арақашықтығы айтарлықтай. Жолдардың жақсаруы арқылы тұрғындар аудан орталықтарына, денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне, жұмыс орындарына тез әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік алады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттырады. Сонымен қатар, жол құрылысы – өңір экономикасына үлкен әсер ететін фактор. Жол тартылған сайын жаңа сауда, қызмет көрсету нысандары ашылып, шағын және орта кәсіпкерлік дамиды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа уақытылы жеткізу жеңілдейді. Бұл өз кезегінде жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлердің табысын арттырады.
Туризм – Түркістан облысының басты салаларының бірі. Түркістан қаласының рухани астана мәртебесіне ие болуы жол инфрақұрылымының сапасын талап етеді. Қонақтар мен туристерге қолайлы жол қатынасы – олардың облысқа келуіне, қайта оралуына ықпал етеді. Осы орайда халықаралық маңызы бар автожолдардың қайта жөнделуі мен жаңадан салынып жатқан жолдар ерекше маңызға ие. Мемлекет пен жергілікті билік жол саласында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қалалар мен елді мекендерді байланыстыратын жолдар ғана емес, ауылішілік көшелер де жаңартылуда. Бұл – тек көлік қозғалысын жеңілдету емес, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар 3983 шақырымды құрайды. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысына орай 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің: «Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын» — дегені есте. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мықтыбаевтың есептеріне үңілсек, биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысына сәйкес 17 нысан немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 миллиард теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысына орай жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7 пайыздан 95 пайызға жеткізу жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.