
Сонымен, Түркістан қаласының өңірлік нышанын әзірлеу бойынша байқауға өтінімдер қабылдау жұмыстары 1 күннен кейін аяқталады.
Егер сіздің ерекше идеяңыз болса — дәл қазір іске кірісіңіз! Бұл — қаламыздың бірегей стилін қалыптастырып, оның тарихи-мәдени ерекшеліктерін көрсетуге тамаша мүмкіндік.
Қатысу шарттары:
Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.
Жаңа, бұрын қолданылмаған ерекше жобалар қажет.
Ұлттық этнографиялық элементтер мен ою-өрнектер қолдануға рұқсат етіледі.
Мемлекеттік рәміздер мен діни, рулық белгілер қолданылмайды.
Жүлде қоры — 10 миллион теңге.
1-орын — 5 миллион.
2-орын — 3 миллион.
3-орын — 2 миллион.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 3 наурыз — 3 маусым (қалған уақыт — 1 күн).
Өтінімдерді Түркістан қаласы әкімдігі «Сәулет және қала құрылысы бөліміне» қағаз және электронды түрде жіберуге болады.
Толығырақ ақпарат пен сұрақтар үшін Гүлвира Қасымоваға 87059781825 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.
Сонымен қатар Түркістан облысында да өңірлік нышан әзірлеу бойынша байқау жарияланған болатын. Осыған орай, 29 мамырда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға облыстық қоғамдық даму, мәдениет және сәулет басқармасының жауапты тұлғалары қатысты.
Басқосуда өңірлік нышан жобасына қойылатын талаптар мен байқау ережелері талқыланды. Нақтырақ айтсақ, өңірлік нышан жобасы бұрын қолданылмаған, ерекше әрі жергілікті жердің болашақ даму бағытын көрсететін жаңа жұмыс болуы тиіс. Ұлттық этнографиялық элементтерді, ою-өрнектерді пайдалануға рұқсат етіледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесін, сондай-ақ дiни, рулық және тайпалық белгiлердiң бейнесін пайдалануға тыйым салынады.
Жиын барысында байқауға қатысушылардың жұмыстары сараланып, ұсыныстар талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мәжіліс барысында бұл жоба – өңірдің ұлттық дәстүрлерін, тарихи, мәдени және георграфиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін айшықтайтын маңызды жоба екенін атап өтті. Сондай-ақ ол конкурсқа қатысушыларды өз идеяларын ұсынып, Түркістан облысының ерекше символын жасауға белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 27-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 30 қазандағы № 503-НҚ бұйрығы бекітілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.