
Бүгін шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске қала әкімінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Байдулла Оразбеков, сондай-ақ Түркістан қаласы мен облысының жауапты басқарма, бөлім басшылары, сәулетшілер, жобалаушы ұйымдар мен инвесторлар қатысты.
Мәжілісте қала аумағындағы құрылыс және сәулет жобаларына қатысты 12 өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, №29 және №30 блоктарда бой көтеретін 5 қабатты тұрғын үй кешендері, жаңа сауда орталығы, «Алтын дәм» наубайханасы, тағы бір тұрғын үй кешені мен қонақүй құрылысы, балалар ойын-сауық орталығының жобасы, сондай-ақ «KFC» брендіне арналған жарнама конструкциясын орнату мәселесі талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақ хандары мен Түркі ойшылдарына арналған саябақ жобасы, әлеуметтік дүкенге қатысты ұсыныс және Ж.Майкотов, Қала би, О.Жарылқапов көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары кеңес мүшелерінің назарында болды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша нақты шешімдер мен ұсыныстар қабылданып, қатысушылар тарапынан бірқатар пікірлер мен ұсыныстар талқыланды. Алдағы уақытта қеңес қала дамуы мен сәулеттік келбетін үйлесімді ету мақсатында өз жұмысын қарқынды жалғастырмақ.
«Мақсатымыз – Түркістанды заманауи әрі тарихи келбетімен үйлескен, жайлы әрі ыңғайлы қалаға айналдыру. Осы жолда әрбір жоба жан-жақты сараланып, кәсіби мамандардың пікіріне сүйеніп жүзеге асырылады. Кеңес барысында ұсыныстар айтылып, нақты шешімдер қабылданды. Түркістанның дамуы үшін осындай жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасатын болады» — дейді шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.
Мұнан өзге Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен көгалдандыру және инфрақұрылым бағытындағы жұмыстарға арналған жиын өтті. Басқосуға қала әкімінің кеңесшілері, бөлім басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері және мердігер ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Жиын барысында қаланың инженерлік инфрақұрылымының жай-күйі, көгалдандыру мен суғару жұмыстары, сондай-ақ абаттандыру бағытындағы алдағы жоспарлар егжей-тегжейлі талқыланды.
Қала аумағындағы 60-тан астам жасыл желек аймағына жүргізілген күтім жұмыстарының қорытындысы таныстырылды. Тұрғын үй кешендері маңында көгалдандыру шаралары тұрақты түрде атқарылып келеді. Сонымен қатар, қала көшелерінде шөп шабу мен жасыл желектерді суару, қураған ағаштарды алып тастап, орнына жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары жалғасуда.
Кездесу соңында қала әкімі жауапты мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.
Бұдан бөлек бүгін Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтың төрағалығымен 2025 жылдың 5 айлығы бойынша да жиын өтті.
Жиын барысында қала әкімдігі мен оған қарасты мемлекеттік мекемелердің қызметінде бірқатар бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың жетістіктері және анықталған кемшіліктер мен заңбұзушылықтар кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, «e-kyzmet» жүйесі бойынша мониторинг, орындаушылық тәртіп, өтініштерді қарау, мемлекеттік қызметтерді көрсету, қабылдаулар мен тәртіптік жауапкершілік мәселелері бойынша сала мамандары жыл басынан бері атқарған жұмыстар туралы есебін ұсынды.
Өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұт және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ердаулет Төрехан бөлімдері бойынша бірнеше бағытта баяндамалар жасап, орындалған жұмыстардың есебін берді.
Жиын соңында анықталған кемшіліктерді жою, орындаушылық тәртіпті және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында тиісті бөлім басшыларының жеке жауапкершіліктерін күшейту, жүйелік қадағалауды тұрақты түрде жүргізу және деректерді ақпараттық жүйелерге толық әрі уақтылы енгізуді қамтамасыз ету ұсынылды.
Қала әкімдігі осы ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсартуды және тұрғындардың өтініштеріне уақтылы жауап беруді назарға алуда. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді көрсету мен өтініштерді қарау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін қызметкерлердің кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіру, сондай-ақ жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізбек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.