
Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.
Көпфункционалды кешен ретінде салынып жатқан атшабар Халықаралық ат спорты федерациясының талабына сай бой көтеріп келеді. Мұнда болашақта халықаралық жарыстарды өткізу көзделген. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ.
Бұл нысанда 30-дан аса техника мен 71 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі нысанның құрылыс жоспарымен танысып, қолданылатын материалдары туралы мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты міндеттер жүктеді.
Одан кейін Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылыс барысын қадағалады. Ғимараттарын аралап, сапалы материал қолдану әрі сәулетін келісті ету жөнінде тапсырма берді.
Бұл кешен елімізде ескек есу, академиялық есу спорт түрлерін, сонымен бірге туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізеді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Үш кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда үшінші кезеңнің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 адам және 24 техника жұмылдырылған.
Кешенде 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Түнеугүні қала басшысы Әзімбек Паызлбекұлы Мұқағали Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінде болып, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде бой көтеріп жатқан спорт кешенінің авторлық қадағалауын – «Сәулет-2050» ЖШС, ал техникалық қадағалауын «ROYAL COMPANY» ЖШС жүзеге асыруда.
Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы 826 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция деп қарауымыз керек», – дейді қала басшысы.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілу үстінде. Оның екеуі шілде айында пайдалануға берілсе, қалған үшеуінің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.