
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2025 жылдың 7 айында атқарған жұмыстары бойынша есебін тыңдады.
Жауапты мамандар құрылыс саласына қатысты негізгі көрсеткіштер мен жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын баяндады.
Биылғы кезеңде бөлім тарапынан 7 913 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде жер учаскесін беру, эскиздік жобаларды келісу, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру, мекенжай анықтамаларын ұсыну, нысаналы мақсатын өзгерту және объектіні пайдалануға қабылдау сияқты қызметтер қамтылған.
Қала келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Тоқаш Бокин көшесіндегі 15 үй мен 1-2 шағынаудандардағы 18 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді пайдалануға қабылдау көрсеткіші 112%-ға жетіп, жоспардан асыра орындалды.
Қала әкімі заңсыз құрылыс пен жарнамаға бақылауды күшейтуді, көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеуді жүйелі жалғастыруды, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.
Жалпы, Түркістан облысында құрылыс қарқыны өте жоғары. Биылғы 6 айда өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 миллиард теңгені құрап, 25,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Нысандардың сәулеттік үлгілері облыс әкімдігіндегі арнайы кеңесте тұрақты түрде талқыланып тұрады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті кеңес отырысында да бірқатар жобалар сараланды.
– Біз инвестициялық жобаларға, жаңа нысан салам деуші азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз. Бірақ кәсіпкерлер жерді алған соң құрылысты уақтылы жүргізулері тиіс. Созбалаңға салуға жол берілмейді, – деді Нұралхан Көшеров.
Сәулеттік жобалар кеңесінде Түркістан қаласы мен аудан, қалаларда салынатын жаңа ғимараттардың сыр-сипаты талқыға түсті. Бірқатарына тоқталсақ, мейрамхана салу, монша мен көлік жуу бекеті, Шардарадағы жағажайды абаттандыру, Балықты көл жобасы, аудан, қалалардағы базарларды қайта құрылымдау және өзге де мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Кейбір ұсыныстар қолдау тапса, бірқатарын жетілдіру жөнінде тапсырма берілді.
Иә, Түркістан қаласы аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, қала тұрғындарының өтінішіне сәйкес Нұртас Ондасынов көшесінің бір қиылысына көше жарығын орнату жұмыстары басталды.
Жоба аясында жарық шамдары орнатылып, түнгі уақытта жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделуде. Қазіргі таңда тиісті техникалық жұмыстар жүргізіліп, көшенің инфрақұрылымдық жағдайы жақсартылуда.
Қала әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, шаһарды жарықтандыру, абаттандыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
Мұнан өзге Түркістан қаласында қоғамдық көлік аялдамаларын күтіп-ұстау, санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында күнделікті тазалық жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі таңда қала аумағындағы барлық аялдама павильондары мен орындықтары жуылып, айналар мен өзге де құрылымдық элементтер тазартылды. Сонымен қатар бұзылған немесе тозған жерлерді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары да жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда қала аумағында 438 аялдама нысаны қызмет көрсетуде. Соңғы үш жылда Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен 374 жаңа үлгідегі аялдама орнатылған.
Қоғамдық көлік аялдамаларының тазалығын қамтамасыз ету және оның күтімін жасау жұмыстары қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының комфортын арттыруға үлкен үлес қосуда. Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы зор нысандарды аралау барысында бой көтеріп жатқан жаңа мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде салынып жатқан мәдениет үйінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында 500 орындық көрермен залы бар, заманауи талаптарға сай, көпфункционалды мәдениет ошағы бой көтеруде. Құрылыс-монтаж жұмыстары мен ғимаратта әрлеу, абаттандыру және ішкі инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда кемшіліктерді ретке келтіру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме өкілдеріне барлық техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтап, тиісті деңгейде атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, нысанды белгіленген мерзімде халық игілігіне беру қажеттігін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
