
Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мәдени кеш өтті.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен зиялы қауым өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары қатысты. Кештің мақсаты – хакім Абайдың мол мұрасын насихаттау, жастардың рухани тәрбиесіне ықпал ету және ұлттық мәдениетті дәріптеу.
Бағдарлама аясында «АКА» шығармашылық орталығы мен Аяз Илясовтың орындауындағы Абай шығармаларынан композиция ұсынылды. «Самғау», «Әмина», «Бисұлтан» би ансамбльдері, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Дәулетбек Нұрбол, Райымбек пен Дана дуэті, сондай-ақ «Меломен» тобы көрермендерге ақынның мәңгілік туындыларын паш етті. «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты ұлы ақын әндері мен халық күйлері орындалып, би қойылымдары көрсетілді.
Кеш барысында көрермендерге арналған викториналық сұрақтар қойылып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты танымдық мағлұматтар ұсынылды.
Ал кеше «Жеңіс» саябағында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың сөзі – ақылдың кені» апталығының жабылу рәсімі өтті. Әдеби кешті Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев ашып, Абайдың қазақ руханиятындағы орны мен мәңгілік мұрасын атап өтті.
Шара барысында ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Айғаным Серім мен Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева сөз сөйлеп, ақынның әдебиеттегі рөлі мен ұрпаққа қалдырған өсиетінің мәніне тоқталды.
Әдеби аялдама аясында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде кітапхананың үздік оқырмандары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Әнді сүйсең, менше сүй…!» бөлімінде қалалық мәдениет үйінің әншілері ұлы ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бойы бұлғаң», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Көзімнің қарасы» сынды әндерін орындады. «Қара сөздер – кемел ойдың кілті» бөлімінде Абайдың қара сөздерінен үзінділер ұсынылды, ал «Хакім Абай: Өмірі, өлеңі, өнегесі» айдарында қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар «Абай – қазақ руханиятының шамшырағы» атты кітап және инсталляциялық көрме ұйымдастырылып, киіз үй жасақтары көпшілік назарына ұсынылды.
Жалпы іс-шараға 100-ге жуық қала тұрғыны қатысып, рухани байлыққа толы кештен тағылым алды.
Естеріңізде болса, Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде «Өлең сөздің патшасы» халықаралық ақындар мүшәйрасы өткен-ді. Шығармашылық бәйгеге Түркістанның атынан қатысқан Дәурен Тілеухан жүлделі үшінші орынға ие болды. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам ақын өтінім жіберген. Қорытынды кезеңге 8 ақын ғана шақырылып, өлең оқыды. Олар өз шығармалары арқылы Абай әлеміне терең бойлап, қазақ поэзиясының биік мұраттарын жаңаша жеткізуге талпынған.
Байқаудың мақсаты – Абай мұрасына деген құрметті арттыру, қазіргі қазақ поэзиясының дамуына серпін беру, жас таланттарға шабыт сыйлау және халықаралық шығармашылық байланысты нығайту. «Өлең – сөздің патшасы» атты мүшәйра – ұлы Абайдың рухани әлемін заманауи поэзия тілімен өрнектеу, жастарға үлгі-өнеге беру және ұлттық әдебиетіміздің дамуына жаңа серпін беретін тағылымды шара болып отыр» дейді ұйымдастырушылар.
Дәурен – «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі. «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының, республикалық бірнеше мүшәйраның жеңімпазы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
