2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Демалыс орындары заман талабына сәйкестендірліп жатыр

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһар аумағындағы бірқатар демалыс орындарын аралап, саябақтардың абаттандырылу, келушілерге жағдай жасау, тазалық мәселелерін қадағалап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен қала басшысы жаңадан ашылған 19 500 шаршы метр аумақты қамтитын, жасанды көлі бар саябақтың жай-күйімен танысты. Саябақ аумағында 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылып, 8 мыңға жуық тал мен жасыл желек егілген.

Сонымен қатар мұнда балалар ойын алаңдары мен тамақтану орындары, әкімшілік ғимарат пен демалуға арналған шатырлар, жарықшамдар, 270 орындық және 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Демалыс орны бір мезетте 600 адамға дейін қабылдай алады.

Қала әкімі демалыс орындарының санитарлық тазалығын сақтау, көгал мен жасыл желекті жүйелі күтіп-баптау, көлдің айналасын абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтып, тиісті сала басшыларына ескерту жасады.

Сонымен қатар, «Жаңа қала» аумағында орналасқан дендросаябақтың жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 12,77 гектарды құрайтын демалыс орнында жасанды көл, шолу алаңы, сарқырама мен субұрқақтар орналасқан.

Сондай-ақ, аумағы 30 гектарды құрайтын «Жібек жолы» саябағында да болды. 2021 жылы пайдалануға берілген  бұл нысанда да тұрғындар мен туристер үшін барлық жағдай қарастырылған. Саябақ аумағында жасанды тоған, субұрқақтар, көгал, ағаштар мен декоративті бұталар отырғызылған. Демалушыларға арналған орындықтар қойылып, жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдар салынған. Әкімдік тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл аумақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше тартымды, экологиялық таза, демалысқа қолайлы ортаға айналып келеді.

Қала әкімі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жасыл желекті күтіп-баптауға, саябақ аумағындағы тазалықты қамтамасыз етуге және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You