
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен және қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев пен мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың қатысуымен интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселесіне арналған арнайы жиын өтті.
Жиынға прокуратура мен полиция басқармасы, қала әкімдігі қызметкерлері, қалалық мәслихат пен ардагерлер кеңесінің өкілдері, сондай-ақ зиялы қауым мүшелері қатысты.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жылдың алғашқы алты айындадағы көрсеткіштері бойынша Түркістан қаласында интернет-алаяқтыққа қатысты 85 қылмыстық іс тіркелген. 2024 жылы жалпы 116 қылмыс тіркелсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 406-ға жеткен.
Аталған динамика интернет-алаяқтық қылмыстарының белсенді түрде өршіп отырғанын көрсетеді. Мәжіліс барысында қала прокурорының орынбасары О. Мусаев, полиция басқармасының өкілдері Е.Оралбаев пен Ж.Жақай баяндама жасап, интернет қылмыстарының негізгі түрлері мен жиі қолданылатын алаяқтық тәсілдері туралы баяндады.
Сонымен қатар, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке бейжай қарауы – басты себептердің бірі ретінде атап өтілді.
Қала әкімі өз сөзінде тұрғындар арасында ақпараттық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталып, құқық қорғау органдарына профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, әкімдік қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді кеңінен жүргізуді тапсырды.
Бүгінде интернет кеңістігінде алаяқтардың әрекеті жылдан-жылға күрделеніп, айла-тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті қала тұрғындарынан күмәнді сілтемелер мен бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбей, жеке деректеріңізді ешкімге жария етпеулеріңізді сұраймыз.
Рас керек, қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты интернет алаяқтыққа қатысты құқықбұзушылықтар саны артуда. Бұл мәселе – азаматтардың жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өзекті мәселе.
Осыған орай, Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Түсіндіру іс-шаралары тұрғындармен қатар денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері арасында да ұйымдастырылды.
Түсіндіру барысында азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын әдіс-тәсілдері туралы ақпарат беріліп, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша кеңес айтылды. Сонымен қатар, адамдар көп шоғырланатын орындарда ескертпе парақшалары таратылды.
Тәртіп сақшылары келесі жағдайлар туындаған кезде аса мұқият болуға кеңес береді:
– Банк немесе полиция қызметкері ретінде қоңырау шалып, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе құпия сөзді сұраса;
– Арзан бағадағы тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем талап етілсе;
– Жалған ұтыс ойындарының жеңімпазы ретінде хабарласып, сыйлық алу үшін қаражат аударуды сұраса;
– Жылдам пайда табуға немесе қаражатты еселеп көбейтуге уәде беріп, алдын ала ақша талап етсе;
– «WhatsApp» немесе «Telegram» секілді мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер таратылса.
Аталған белгілер – интернет-алаяқтық әрекеттерінің айқын көрсеткіші болуы мүмкін. Осыған байланысты азаматтардан аса сақ болу және жеке деректерді бөтен тұлғаларға жарияламау сұралады.
Интернет демекші, маусым айының 28-інде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдаған-ды. Кездесуде облыстағы ауылдарға интернет жүйелерін тарту, байланыс сапасын жақсарту және өзге де пилоттық жобалар талқыланды. Өңір басшысы Түркістанға арнайы келіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырғалы жатқан «Қазақтелеком» АҚ-ның басшысына алғысын айтып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы «Қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы кезінде адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі – интернетке қол жетімділігі» деп айтқан болатын. Өңірімізде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 740 елді мекен мобильді интернет желісімен қамтылған. Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекеннің 429 ауылдық елді мекені оптика желісімен қамтылған. Қалған 372 ауылдық елді мекенде оптика жүргізілмеген. Осы елді мекендерді оптика желісімен қамту үшін қаржы қарастырып отырғаныңызға алғысымды білдіремін. Бұл – біздің өңірімізге салынып жатқан үлкен инвестиция. Нәтижесінде тұрғындарымыз сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамту үшін, біз, өз тарапымыздан, байланыс операторларын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ықпал жасаймыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бағдат Мусин Түркістан облысы айрықша назарда тұрғанын айтты. Халық саны мен елді мекендерінің көптігіне байланысты интернетпен қамту жұмысы күшейтілетінін жеткізді. Атап айтқанда, 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникация жүйесі мен интернет сапасын жақсартуға «Қазақтелеком» АҚ 14, 7 миллиард теңге инвестиция салатынын айтты. Облыс әкімдігі тарапынан осы жобаларды сапалы әрі жылдам орындауға қолдау көрсетуді сұрап, ол ұсыныс шешімін тапты. Кездесу соңында Нұралхан Көшеров пен Бағдат Мусин жоғарыда аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.
Тақырыпқа оралайық, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықпен күрес жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын ескертеді және тұрғындарды қырағылық танытып, күмән тудыратын жағдайлар орын алған кезде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіреді. Күмәнді сілтемелерге өтуді, жеке деректер мен банк кодтарын сұрайды. Ең өкініштісі — тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке немқұрайлы қарауы бұл қылмыстарға жол ашып отыр.
«Мен қала тұрғындарын қырағылыққа, сақ болуға шақырамын. Бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеңіздер, жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіздер. Әсіресе, ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS арқылы келетін құпия кодтар тек сізге ғана арналған ақпарат екенін ұмытпаңыздар» — дейді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.