
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы коммуналдық-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойвнша жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Соның бірі — Бекзат мөлтекауданындағы кәріз жүйесімен қамту бойынша құрылыс жұмыстары. Аталған нысанның құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінгі күні 85 пайызға орындалған. Жобаны жыл соңына дейін халық игілігіне беру жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан кәріздік насостық станция орнату мен жер қазу, кәріз желілерін тарту және қазылған асфальт жабындыларын қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, тұрғындарды кәріз жүйесіне қосу үшін «Түркістан қаласы, Бекзат мөлтекауданындағы жеке тұрғын үйлерді сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы, атап айтқанда, абоненттік қосылымдардың 2-кезең» жобасының сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Аралау барысында қала басшысы мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғындардың ой-пікірін тыңдады.
Атап өту керек, қалада орталықтандырылған сарқынды су жүйесімен қамту мақсатында айрықша көңіл бөлініп, бірқатар ауқымды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазіргі таңда Сауран және Шауғар секторлары мен Баянауыл шағынауданында кәріз желілері мен насос станцияларының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сауран секторында 83 көше, 4 372 абонентті қамтитын желі биыл пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта №2 кәріздік насос станциясында қазба жұмыстары атқарылуда.
Ал Баянауыл шағынауданында 25 көше, 2 103 абонентке қызмет көрсететін желінің құрылысы — Жангелдин көшесіндегі магистралдық құбыр қазу жұмыстарымен жалғасуда.
Сонымен қатар, Шауғар мөлтекауданында ұзындығы 99,9 шақырымды құрайтын желі арқылы 3 294 абонентті қамту жоспарланып, бүгінде Шала Бақсы және Семей көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала аумағында жалпы 27 кәріздік насос станциясы жұмыс істейді. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
