2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: «Керуен сарай» кешенінде жаңа қойылымның тұсауы кесілді

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Сақ патшайымы Томирис ханшаның батырлығы суреттелетін қойылым көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Бұған дейін Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын бейнелейтін қойылыммен көптің көңілінен шыққан топ жаңа туындының да өзіндік бағасын алатынына сенімді. Судағы әсерлі хореография, бірегей жарық және пиротехникалық шоулар, этномузыка, Сақ дәуірінің рухын жеткізетін көркем образдар мен костюмдер, драмалық сахналар мен тарихи көріністер қала қонақтарын қуантып, ерекше әсер берді.

Еске салайық, 2021 жылдың 10 сәуірінде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің  ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан 20,5 гектар аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі.  

«Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You