
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мәдениет, тіл саясаты, спорт, тарихи-мәдени мұра және ономастика бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар бойынша бөлімнің есебін тыңдады.
Жыл басынан бері 98 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 40 955 тұрғын қамтылған. Мәселен, Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған республикалық турнир, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы, «Тұран дала, әз Түркістан» ақындар айтысы және «Түркістан мәртебесі – Ел мерейі» атты республикалық форум сынды ірі жобалар өткізілген.
Рухани астана — Түркістан қаласында тұрғындардың мәдени демалысын жандандыру мақсатында ерекше форматтағы ашық аспан астындағы концерт ұйымдастырылды. «Түркістан әуендері» атты бұл кешті Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет үйінің талантты өнерпаздары тарту етті.
Киелі шаһардың көрнекті алаңында өткен кеште көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, нағыз өнер мерекесі қалыптасты. Түркістан жұртшылығына танымал әншілер әсем әндерін әуелете шырқап, көрермендермен бірге орындап, ерекше атмосфера сыйлады.
Сондай-ақ, Яссы халықтық би ансамблі қазақтың ұлттық билерімен қатар заманауи бағыттағы би қойылымдарын ұсынды. Көрермендер ансамбль өнерін зор қошеметпен қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді.
Мұндай мәдени кештер Түркістан қаласының өнерге, руханиятқа және халықтың рухани дамуына айрықша мән беретінін айғақтайды. Ашық аспан астында өткен концерт көпшіліктің көңілінен шығып, жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, 24 спорттық жарыс ұйымдастырылып, 15 706 тұрғын қамтылды. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Үмбет Жүсіпбаев сынды танымал тұлғаларға арналған республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлер мен «TURAN CUP-2025» халықаралық футболын өткізді.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жібек жолы саябағында «Жазғы әуен – жүрек үні» атты концерттік бағдарламамен қатар «Жазғы демалыс – спортпен!» ұранымен ашық алаң ойындары өтті.
Жаз мезгілінде дәстүрлі түрде өтетін бұл спорттық шара – қала тұрғындары мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ашық аспан астында өтетін бұл ойындар әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері қала секторларына бөлінген ашық алаңдарда өткізіледі. Жарыс бағдарламасына асық ату, ләңгі тебу, сүрмерген, секіргішпен секіру, белтемірге тартылу, футбол, стритбол сынды ұлттық және бұқаралық спорт түрлері енген.
7-16 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында өтетін бұл жарыстар тек дене шынықтырумен шектелмей, достық байланыстарды нығайту мен әділ бәсекеге де жол ашады. Шеберлік танытып, жеңіске жеткен қатысушылар диплом және медальмен марапатталады.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 14 кітапхана мекемесінде 355 588 дана кітап қоры жинақталған. Жыл басынан бері 15 970 оқырманға қызмет көрсетіліп, 267 200 дана кітап берілімі тіркелді. Сонымен қатар, 210 мәдени-білім беру іс-шарасы ұйымдастырылып, 2025 жылы «Ұлттық кітап күні» аясында жаңа үлгідегі «Заманауи кітапхана» пайдалануға берілген.
Ал Тілдерді оқыту және дамыту орталығы арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен 439 азамат сертификат алған. Сонымен қатар, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сәйкестігі зерделеніп, қала бойынша 168 нысанда тексеру жүргізіліп, 38 нысанда жарнама заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.
Ономастика саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында барлығы 845 көше тіркелген. Оның ішінде 316 көше тарихи тұлғалардың, 451-і жер-су атауларының, 48 көше дәстүрлі атаулардың үлесінде. 2025 жылы қоғам қайраткері Эйлер Сүлеймановтың есімін көше атауына беру туралы ұсыныс қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Ал 2026 жылға арналған Жол картасы аясында әкімшілік-іскерлік орталықтағы 12 көшеге атау беру бойынша ұсыныстар әзірленуде.
Әзімбек Пазылбекұлы бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарды жандандырып, мәдени және спорттық іс-шараларды бұдан әрі сапалы ұйымдастырып, қала тұрғындарының белсенді қатысуына жағдай жасауды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
