2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Нашақорлықтың алдын алу бағытында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды

Түркістан қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу және есірткі жарнамасына қарсы күрес мақсатында Түркістан қаласы әкімдігі мен қала прокуратурасының ұйымдастыруымен ауқымды рейдтік іс-шара өтті.

Іс-шара барысында қала аумағында нашақорлықты насихаттайтын жарнамалар мен граффити жазбаларды анықтап, жою жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта қала үш негізгі аумаққа бөлініп, әрбір секторға арнайы жұмыс топтары бекітілді.

Рейдтік шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы орган мамандары, ерікті жастар мен қоғамдық ұйым мүшелері тартылды. Арнайы топтар тарапынан анықталған заңсыз жазбалар бойынша тиісті деректер тіркеліп, құзырлы органдарға жолданды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында нашақорлықтың зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған іс-шара — қоғамда құқықбұзушылықтың алдын алу және жастарды салауатты өмір салтына баулу бағытындағы маңызды қадам. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — баршамызға ортақ міндет.

Атап өту керек, Түркістан облысы Полиция департаменті «Профилактика жылы» мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыс атқаруда. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 163 есірткі қылмысының жолын кесті, оның ішінде: есірткі өткізудің 23 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 11 фактісі, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірудің 10 жайты, сондай-ақ 2 фитолаборатория жойылды.

Заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі, оның ішінде 850 грамнан астам синтетикалық есірткі, 48 кг марихуана, 147 кг «көкнар» түптері мен 12 мың «Трамадол» таблеткалары тәркіленді. «Мефедрон» синтетикалық препаратын «жасырып кетумен» айналысатын 8 адам ұсталды.

Жыл басынан бері есірткіге қарсы 600-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді, оған облыстың 59 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Мәселен, Түркістан қаласында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған айлықтың ашылуы өтті.

Бұдан басқа 1 маусым мен 30 қазан аралығында облыста есірткіні дайындау және тасымалдау фактілерінің жолын кесу бойынша «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оған 18 мобильді топ қатысып, екі блок-пост орнатылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You