
Биыл күзде Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылады. Аталған оқу ордасының құрылысы аяқталып, бүгінде талапкерлерді қабылдау жұмыстары жүруде. Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша комиссия өткізіліп, қазіргі таңда 100 грант есептеліп, жергілікті мәслихат сессиясында қолдау тапты. Қабылдау комиссиясы Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде орналасқан.
Заманауи ІТ университетінде 2 мамандық бойынша білім беру жоспарлануда және 2000-ға жуық студентке дейін қабылдай алады. Мамандықтар: жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау; бағдарламалық қамтамасыз ету.
Қазірдің өзінде 300-ден аса талапкерден өтініш түскен. Олардың 160-ға жуығы Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, СҚО, Абай, ШҚО, БҚО және Жетісу облыстарынан келсе, Қарақалпақстан Республикасынан да 1 үміткер оқуға құжат тапсырған.
Айта кетейік, жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездесіп, Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақтылы тапсыру, жұмысын бастау, құжаттарын реттеу, оқу процесін нақтылау бағытындағы мәселелерді жүйелеген болатын.
Оқу ордасына құжаттар қабылдау жұмыстары жалғасады. Қосымша мәліметті 8 776 170 8242 телефон нөміріне хабарласу арқылы білуге болады.
Орайы келгенде тілге тиек етер ақпарат, Түркістан қаласындағы іргелі жоғары оқу орны, тәуелсіздіктің құрдасы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дәстүрлі «Aq Jol, Yasawi túlegi – 2025» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінде құрылған білім ордасы алғашқы түлектерін 1995 жылы үлкен өмірге жолдаған болатын. 2024-2025 оқу жылында университетті 1800-ден астам жас маман тәмамдады.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректордың өкілі м.а. Наджи Генч, ҚР Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы, 1996 жылғы түлегі – Айжан Көлбаева, Стамбул қаласындағы AcademyUs Art and Education және Kam-Us баспаларының негізін қалаушы, 2004 жылғы түлек – Айдемир Гүлтекин және өзге де зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар мен мекеме басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, ата-аналар мен университет түлектері қатысты.
Рәсім барысында үздік және белсенді 300 студентке дипломдар табысталды. Олардың ішінде оқу озаттары мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан жастар да бар. Университеттің «Ең үздік 30 түлегіне» дипломдарды ректор Жанар Темірбекова мен ректордың өкілі міндетін атқарушы Наджи Генч арнайы табыстап, жылы лебізін білдірді.
Шара аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің сертификаттары табысталды. Сертификатты агенттіктің облыстағы басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абылайхан Наурызбаев салтанатты түрде тапсырды.
Кеш университет қабырғасында алған білімдерімен қатар, оқу орнының абыройын асқақтатқан белсенділерді ұлықтаумен ерекшеленді.
Мерекелік атмосфера концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстанның танымал эстрада жұлдызы Дастан Оразбек өнер көрсетіп, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.