2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістан қаласында 2000-ға жуық пәтер пайдалануға беріледі

Түркістан облысының орталағында тұрғындарды баспанамен қамту ісі қарқынды. Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын үй құрылыс жұмыстары мен сапасын бақылауды қарқынды жүзеге асырып келеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і әлеуметтік бағытта бой көтереді.

Әзімбек Пазылбекұлы аралау барысында Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі, «Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты тұрғын үйлер мен «Интер» ЖШС тарапынан салынып жатқан, сондай-ақ, айналма жол бойында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Жалпы, жыл соңына дейін 117 718 шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үй – 1982 пәтердің құрылысы толық аяқталып, қыркүйек-желтоқсан айларында «Отбасы банк» арқылы кезектегі азаматтарға заңға сәйкес кезең-кезеңімен беріледі.

Бұдан бөлек екі күн алдын Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен де танысқан болатын.

Алдымен қала әкімі Мұқағали Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда бұл нысанда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы — 826 шаршы метр, ал жер телімі 0,186 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлы 500 орынға арналған көрермен залы бар заманауи мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Заманауи талаптарға сай және көпфункционалды форматта бой көтеріп жатқан ғимараттың құрылысы бүгінде 90 пайызға аяқталған. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қала басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын арттыру, техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You