
Биыл Түркістан қаласында 159 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңға дейін 44,6 шақырымды құрайтын 41 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы 47,1 шақырым жол ретке келтіріліп, қанағаттанарлық жолдардың үлесі 50,3%-ға жеткен болатын. Аталған жұмыстар нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысына сәйкес көрсеткішті 66,7%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл жайында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы брифингте мәлімдеді.
«Жалпы қалада инфрақұрылым саласында оң өзгерістер жетерлік. Бүгінгі таңда шаһардың кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі – 36,5 пайыз, ал ауыз сумен қамтылуы 100 пайызды құрады. Электрмен қамту – 99,5 пайыз, табиғи газбен қамту – 98 пайыз деңгейінде. Бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынуда», — деді қала әкімі.
Жыл басынан бері қаланың жалпы өңірлік өнімі 159,5 миллиард теңгені құрап, жан басына шаққанда 663,5 мың теңгеге жеткен. Өнеркәсіп саласында 40 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 25 миллиард теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі – 299,3 миллиард теңге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 434,6 мың шаршы метрді құрады. Сауда айналымы 157,9 миллиард теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 490 миллиард теңгені құрады.
Сондай-ақ, шаһардағы арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 2956 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске асырылып, 961 адам жұмыспен қамтылды. Жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда.
2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістанға 1,1 миллион турист келген. Шетелдік туристер саны 23,2 мың адамды құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 61,9 миллиард теңгеге жетті. Қалада «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар қонақ үй кешені сынды туристік нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2025 жылы 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 4 мектепте — күрделі жөндеу, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 27 мың тұрғынға қызмет көрсететін емхана мен оңалту орталығының құрылысы қыза түскен.
Түркістанда қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы брифинг өткізіп, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Брифинг барысында қала аумағында жүзеге асырылып жатқан кәріз жүйелерін дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды.
Қала басшысы кәріз инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар қала аумағындағы магистралды желілермен қатар, ішкі орам көшелерін де қамтуда.
Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, 5 бірлік сарқынды суларды тазарту имараты, 21 бірлік канализациялық сорғы станциясы және 4 бірлік шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан қаласында 27 КНС бар. Олардың 7-і — 1980 жылы, 3-еуі — 2010 жылы, ал 17-сі 2014 жылы пайдалануға берілген.
Қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге 17 581 абонент қосылған. Жалпы, орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5 пайыз деңгейінде тұр.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазіргі уақытта 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі таңда кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған 159 көшеде асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қаланың негізгі магистралды көшелерінде жол жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі кезекте, абоненттік қосылымдарды жедел іске асыру арқылы асфальттау жұмыстарын кешіктірмей аяқтау көзделіп отыр.
Сөз соңында айта өтер жайт, Түркістан қаласы әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Тұрақтандыру қорының ұйымдастыруымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы «Сиыр еті» жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізілуде. Жәрмеңке әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері өтеді.
Сиыр етінің бағасы – 2500 теңге/келі (Нарықтағы орташа бағасы: 3200-3500 теңге/келі). Әлеуметтік ет өнімдері Түркістан облысының аудан-қалаларынан жеткізіліп, әр адамға 5 келіге дейін сатылымға беріледі. Бұл шара қала тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.