
Бүгін Түркістан қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты мәжіліс өтті. Жиын барысында өңірдің қазіргі жағдайы мен болашағына бағытталған нақты жоспарлар сараланып, бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Әлеуметтік-экономикалық серпін мен даму бағдары айқындалды.
Мәжілісте өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды. Әкім нақты көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалады. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақтылап берді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы есеп беріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарланған бастамалар туралы баяндады. Сонымен қатар басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, әр сала бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.
Өңір басшысы 2024-2030 жылдарға арналған облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша бекітілген жол картасындағы ірі жобалардың жүзеге асуын күшейтуді тапсырды. Қаланың кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және өзге де маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
– Түркістан – тек өңірдің ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістанды дамыту – барлығымыз үшін маңызды іс. Бұл – ортақ міндет. Қаланың экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, қала тұрғындары үшін барлық қолжетімді жағдай жасалу керек. Ол үшін бәріміз бірлесе отырып жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл уақытша науқан емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізілуі қажет іс екенін үнемі айтып келемін. Қоршаған ортаның тазалығы – әркімнің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Бұл – тек қаланы таза ұстау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Айта кету керек, Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді даму үстінде. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы үшін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданды. 2025 жылдың алғашқы 7 айында Түркістан қаласында халық саны 241,7 мың адамнан асқан.
Жалпы өңірлік өнім 31,3%-ға артып, 272 миллиард теңгені құрады. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 миллиард теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Биыл 944 пәтер әлеуметтік баспана ретінде берілмек. Жеті айда 160,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5%-дан 56,3%-ға жетеді деп күтілуде. 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 92%-ға жетеді.
Түркістанда 5 саябақтың құрылысы жүргізілуде, 300 мыңдай түп ағаш отырғызылады. Қаланың тазалығына 600 жұмысшы жұмылдырылып, 28 мың тонна қоқыс шығарылды. 33 көпқабатты үйдің қасбетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
