
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде әуежай жанындағы жағажайда заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Қала басшысы инвесторлармен бірге жобаның жоспарланған аумағын арнайы аралап, ондағы инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аталған жобаға өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары — су қоймаларына, 10 гектары — интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналмақ.
Жоба шеңберінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балапан балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана салу жоспарлануда. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 1000 тонна балық, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балапан балық өсіріледі деп күтіліп отыр.
Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалуда. Жоба аясында инвестициялық меморандум жобасы қаралып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
