2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған гид-экскурсоводтар даярлау бағдарламасы басталды

Түркістан қаласында туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында арнайы гид-экскурсоводтарды даярлау курсы басталды. Жоба Түркістан қаласының әкімдігі және Туризм басқармасы, Туризм және меймандостық университетінің бастамасымен жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама аясында қазіргі таңда мәдени-рухани орталық аумағында электрокармен туристерге қызмет көрсетіп жүрген 30-ға жуық жүргізуші кәсіби оқудан өтуде. Бағдарлама мақсаты — қатысушылардың экскурсия жүргізудің заманауи әдістерін меңгеруіне, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын терең танып-білуіне және кәсіби гид ретінде қажетті дағдыларды дамытуына мүмкіндік беру.

Курс барысында туристермен тиімді коммуникация, бағыттарды таныстыру, қауіпсіздік шаралары және шетелдік қонақтарға қызмет көрсету әдебі — негізгі басым бағыттардың бірі. Оқу курсы соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.

Бұл бастама Түркістанның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің туризм саласындағы кәсіби кадрлар сапасын да жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.

Туризм демекші, 21–23 тамыз аралығында Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени шара — «ТҮРКІСТАН – ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАСЫ» атты халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді. Фестиваль аясында келушілер назарына ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының кең көлемді көрмесі ұсынылады. Сонымен қатар, түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлі тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік беретін жәрмеңке ұйымдастырылады. Жастарға арналған автофестиваль, Түркістан аспанында қалықтайтын әуе шарлары шоуы және кешкі уақытта өтетін әсерлі от шоу (Fire Show) да көрермендерді бейжай қалдырмайды. Бұған қоса, фестиваль барысында жанды музыкалық қойылымдар мен отбасылық демалысқа арналған әртүрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіледі.

Фестиваль 21–23 тамыз күндері Түркістан қаласындағы Мәдени-рухани орталықта өтеді. Кіру – тегін.

Баршаңызды осы керемет мерекелік шараға қатысып, ұлттық мұраны ұлықтауға шақырамыз!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You