
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар бойынша жиын өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ прокуратура мен полиция қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде Кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыспен құқық бұзушылықтың профилактикасы, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жұмыстарының жайы және жазғы шомылу маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша мәселелері қаралы.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Ахан Сапарбеков баяндама жасап, қала аумағындағы кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың жай-күйіне тоқталды. Баяндамашының мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 63,6 пайызға төмендеген.
Қала аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 140 сарбаздан тұратын Ұлттық ұлан күштері 47 жаяу бағытта кезекшілікке тартылған. Сонымен қатар, үш ауысыммен жұмыс істейтін 13 автопатрульдік полиция тобы шолу жұмыстарын жүргізуде.
Құқық қорғау қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, 209 түсіндіру шарасы өткізген. Оқушылар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылықты арттыру, ерте жүктіліктің, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу тақырыптарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Асқар Сейсенов жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
1 маусымнан бастап республика көлемінде шомылу маусымы ресми түрде басталғаны белгілі. Осыған байланысты Түркістан қаласы аумағында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан қала аумағындағы шомылуға арналған 15 бассейнге бақылау жүргізіліп, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қадағаланып отыр. Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру және жүзуге үйрету мақсатында 7 бассейнмен меморандум жасалып, 67 отбасының 200-ден астам баласы қамтылған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын соңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін ескертіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жаз мезгіліндегі қауіпсіздік – ерекше жауапкершілік талап ететін кезең. Әр маман өз құзыреті аясында белсенділік танытып, жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Қауіпсіздікке салғырт қарауға жол жоқ», – деп атап өтті қала әкімі.
Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Жауапты мекемелер мен сала мамандарына нақты міндеттер жүктеліп, алдағы уақытта профилактикалық шаралар одан әрі жандандырылады.
Мұнан өзге бүгін сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы да өтті. Отырыстың жұмысына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, филиалдың атқарушы хатшысы Сұлтанхан Тәштеев, мәслихат депутаттары және партия мүшелері қатысты. Жиынды фракция жетекшісі Құлбатыр Мұсабек жүргізді.
Күн тәртібінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Қала басшысы жол картасындағы негізгі бағыттар, қала инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында қолға алынған іс-шаралар туралы кеңінен баяндады.
Фракция мүшелері қала әкімінің баяндамасына қатысты нақты ұсыныстарын білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау шаралары, көше жолдарының сапасы, абаттандыру, жастар саясаты және экологиялық жағдайлар талқыланды.
Сонымен қатар, депутаттар тарапынан бірлескен жұмыс аясында шешімін табуы тиіс мәселелерге қатысты пікірлер мен ұсыныстар жолданды.
Отырыс қорытындысында мәслихат депутаттары тұрғындардың өтініштері мен көтерілген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдап, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.