2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Жасыл желек аумағы 1300 гектарды құрайды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен көгалдандыру мәселесі бойынша жиын өтті. Күзгі кезеңде қала аумағын көгалдандыру жұмыстары мен жасыл желектер егу жоспары және күтіп-баптау шаралары талқыланды.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының жалпы жасыл желек аумағы 1300 гектарды құрайды. Бүгінге дейін 440 мыңнан астам ағаш көшеттері мен бұталар егілген.

Ал 2023-2025 жылдар аралығында қала аумағында 7,5 миллионнан астам маусымдық гүл отырғызылған. Негізгі көшелер мен қоғамдық демалыс орындарына да бас-аяғы 441 739 түп бұта мен ағаш көшеттері отырғызылған. Оның ішінде 240 396 бұта түрлері, 154 313 декоративті ағаштар, сондай-ақ 46 030 жеміс ағаштары қала келбетін көркейтіп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Жасыл желектердің басым көпшілігі Бекзат Саттарханов, Тәуке хан, Саттар Ерубаев, Абылайхан, О.Жарылқапов, Б.Момышұлы, Ә.Жангелдин, Ж.Баласағұни көшелері мен Яссы, Отырар, Сауран, Тұран, Жұлдыз, Жібек жолы шағынаудандарына отырғызылған. Ал маусымдық гүлдер Қ.А.Ясауи кесенесі алдындағы алаңға, Тәуелсіздік саябағына, Орталық алаңға, Теміржол вокзалы аумағына, Нұр-Сұлтан даңғылы бойына және жаңа шағынаудандардағы гүлзарлар мен аллеяларға егілді.

Қала тазалығын сақтау бағытында да жүйелі шаралар атқарылуда. Бүгінде Түркістан қаласы аумағында 1262 қоқыс алаңшасы мен 2719 дана қоқыс контейнері орнатылған. Қалдықтарды шығару үшін 34 арнайы техника жұмылдырылған.

Жиын барысында қала басшысы сала мамандарына заманауи, қалаға көрік беретін, ұзақмерізімді, төзімді ағаштар егіп, суару жүйесін де ескеруді тапсырды.

Атап өтер тағы бір жайт, Түркістан қаласы саябақтар мен субұрқақтардың саны бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.

Қазіргі таңда қала аумағында 100-ге жуық субұрқақ іске қосылып тұр. Әрбір субұрқақ өзіндік бірегей дизайнмен және стильмен ерекшеленеді. Олардың қатарында ұлттық нақышта жасалған үлгілер де, заманауи архитектуралық шешімдермен безендірілген туындылар да бар.

Қаланың сәнін кіргізіп тұрған субұрқақтарды қала қонақтары мен тұрғындары сағат 10:00-ден кешкі 23:00-ге дейін тамашалай алады. Кешкі уақытта түрлі-түсті жарықтармен көмкерілген субұрқақтар су шоуына айналып, ерекше атмосфера сыйлайды.

Субұрқақтар арқылы Түркістан тек тарихи-рухани ғана емес, сонымен қатар заманауи және жайлы қала ретінде қалыптасып келеді.

Мұнан өзге қала аумағын абаттандыру және көріктендіру бағытында да «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде.

Б.Саттарханов даңғылы бойында, Павлин құс мүсіні мен «Арена» кешені маңында гүл отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көгал және арам шөптерден тазарту жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Атап айтқанда, Экобазардың үшбұрышты аумағында, Павлин құсының маңында және Аэропорт тас жолы бойында арам шөптер орып, көгалдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ретке келтіру бағытында да бірнеше нысанда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Б.Саттарханов даңғылы бойындағы «Нұрсәт» дәмханасының жанындағы ойын алаңы қалыпқа келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, жол көрсету белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер жолдарын жуу жұмыстары жүргізілуде. Аэропорт тас жолы бойындағы көпірге сырлау жұмыстары жасалып, қаланың эстетикалық келбетіне мән беріліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You