2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Жергілікті билік қаланың тазалығын күнделікті қатаң бақылауда ұстайды

Түркістан қаласы әкімдігі қаланың санитарлық тазалығын күнделікті жүйелі қамтамасыз етіп келеді. Тазалық жұмыстары таңғы сағат 07:00-де басталып, әр қызметкер өзіне бекітілген аумақта аулаларды сыпырып, тұрмыстық қалдықтарды жинайды. Жұмыс барысын қадағалау үшін арнайы бригадирлер мен техникалар тағайындалған.

Қала аумағында барлығы 875 көше, жалпы ұзындығы 845 шақырым жол санитарлық тазалаумен қамтылған. Оның ішінде бірінші кезектегі 30 көше күн сайын тазаланса, екінші кезектегі 120 көше аптасына 2–3 рет, ал үшінші кезектегі 725 көше бекітілген кестеге сәйкес тазаланады.

Сонымен қатар, қаладағы алты сектор бойынша ішкі орам көшелерін жеке кәсіпкерлер белгіленген кестеге сәйкес тазалау жұмыстарын жүргізеді.

Кеше ғана Түркістан қаласы аумағында экологиялық тазалықты сақтау және қаланың көркейту-көгалдандыру жұмыстарына тұрғындар мен мекемелердің қатысуын арттыру мақсатында жалпы қалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден құралған 500-ге жуық қызметкер жұмылдырылды.

Сенбілік барысында 4 арнайы техника тартылып, Отырар тұрғын алабы аумағында арамшөптер шабылып, аяқ жолдар сыпырылды және тұрмыстық қалдықтар жиналды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, аумақ толықтай тазартылды.

Естеріңізде болса, тамыздың 7-сінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен инфрақұрылымдық даму және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар бойынша жиын өткен болатын. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, коммуналдық мекемелер мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстардың есебі мен алдағы жоспарлар сараланды.

Биыл Түркістан қаласында көгалдандыру жұмыстары 250 гектар аумақты қамтиды. 192 467 дана ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, 1,2 миллион дана гүл егілсе, 10 гектар аумаққа көгал төселіп, декоративті жамылғы орнатылуда.

Жасыл желекті сақтау мақсатында қалада суару инфрақұрылымы жаңартылып, гидрантты және тамшылатып суғару, мотопомпа, насос жүйелері енгізілуде. Әуежай жолы, айналма жол, Коммунизм аумағында су айдағыш құрылғылар орнатылып жатыр.

Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты бөлімдер мен мекемелерге барлық жұмыстарды сапалы атқарып, егілген жасыл желектерге тұрақты күтім жасау және көгалдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүйелі жалғастыруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You