Бүгін – 2024-2025 оқу жылының соңғы күні. Бұл күн еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, оқушылар жазғы демалысқа асығатын күн. Сонымен қатар, 11-сынып оқушылары мектеп бітіріп, үлкен өмір сахнасына жолдама алатын ұмытылмас күндерінің бірі. Бүгін Түркістан қаласындағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2815 оқушы мектеп бітіріп, мектеп қабырғасында соңғы рет қоңырау тыңдап отыр.
Олардың ішінде 170 оқушы — «Алтын белгіге», 171 оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Ал, 5448 1-сынып оқушылары алғашқы оқу жылдарын аяқтады.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, кеңес мүшесі Шора Исмолдаев, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасовалар қатысып, ұстаздар мен түлектердің қуанышына ортақтасты, сәт сапар тіледі.
— «Ұрпағы білімді елдің болашағы зор» деген дана халқымыз. Біздің мемлекетімізде терең білім алуға, білікті маман атануға, өз кәсібіңнің үздігі болуға жағдай жасалған. Мемлекет болашағын құруда, стратегиялық қадамдарды жүзеге асыруда сіздердің білімдеріңіз бен табысты еңбектеріңіздің үлесі болатынын әр кез естеріңізде сақтаңыздар. Бүгінгі түлек – ертеңгі маман. Ер сенімін, ел үмітін сақтаймын деген талаптарыңызға нұр жауып, қадамдарыңыз тек сәттілікке ұлассын. Мектеп қабырғасынан қанат қаққан қуаныштарыңыз құтты болсын! — деді шаһар басшысы өз сөзінде педагогтарға кәсіби-шығармашылық табыстар, ал, түлектерге жарқын болашақ тіледі. Өз кезегінде оқушылар мен ұстаздар жоғары деңгейде өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ал Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова: «Білімді ұрпақ – еліміздің асқақ арманының жүзеге асуының кепілі. Өз Отанын, отбасын шын сүйетін азамат әрқашан білімге ұмтылып өсуі тиіс. Себебі, білімсіз Отанға да, отбасына да қызмет ету мүмкін емес. Білім арқылы кез келген адам өз мүмкіндіктерін айқындайды, дүниетанымы кеңейіп, алдына қойған мақсаттарын орындауға ұмтылады. Ал, Отанын шын сүйген перзент алған білімін елдің өркендеуі мен халықтың игілігі жолында жұмсауға дайын болады, өз болашағымен қатар Отанның болашағын жарқын етуге әрекет етеді. Заманның алға жылжуына байланысты білім алушылардың бойына қазіргі заман талабына сай терең білім алуға ынталандыру біздің яғни педагогтардың негізгі міндетіміз. Болашақ жас ұрпақтың танымдық көзқарасын, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту, іскерлік қасиеттерін дамыту арқылы оқушылардың бойына ұлттық, заманауи құндылықтарды сіңіре аламыз.
Бүгін 2023-2024 оқу жылының соңғы оқу күні. Бұл оқу жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бастамасымен «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарымен аяқталды. Қаламыздағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы сынып сағаттарына қатысып, бір уақытта еліміздің әнұранын орындап, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың оқушыларға арнаған құттықтауын тыңдады. Сонымен қоса, педагогтар да сәтті аяқталған жылды қорытындылап, оқу жылында оқуда озат болған оқушыларымыз марапаттарға ие болды.
Жоғарыда айтқанымдай, 52668 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2815 оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмір сахнасына қанаттанғалы отыр. Олардың ішінде 170 оқушы «Алтын белгіге», 171 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Ал, 5448 1-сынып оқушылары алғашқы оқу жылдарын аяқтап, биыл алғаш рет соңғы қоңырау үнін тыңдап отыр. Олардың алдағы он жылдығына тек сәттіліктер тілеп, білімнің биігінен көрінулерін тілеймін.
Биылғы оқу жылы да өз ерекшеліктерімен есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ұлт сапасы мен мәдениетін арттыру бойынша берген нақты тапсырмасына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, бұл орайда нақты шаралар өткізілді. Оқушыларымыз облыстық, республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарып, мерейімізді өсірді. Негізгі пән олимпиадаларының өзінде 99 оқушы облыстық олимпиадаларда, 7 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарында жүлдегер атанды. Бұдан басқа жүздеген оқушыларымыз білім, өнер, спорт сайыстарында биіктен көрінді. Сондай-ақ, оларға білім беріп жатқан 70-тен астам педагогтарымыз да облыс, республика көлемінде әріптестерінің алды болды. Бұл өткен жылдағыдан едәуір жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткіштер жылдан-жылға алға нық қадам басып, жоғары нәтижелерге жетіп келе жатқанымызды көрсетеді.
Құрметті әріптестер! Сіздерді тағы бір оқу жылын сәтті аяқтап, алға қарышты қадам қоюларыңызбен құттықтаймын. Бұл – бір жылдық еңбекті саралайтын, өткенімізге есеп беретін кезең. Жоғарыда айтқанымдай, оқу жылының соңына жақсы жаңалықтармен жетіп отырмыз. Жеткен әр жетістігіміз Сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі. Сондықтан да алдағы педагогикалық еңбектеріңізде кәсіби шығармашылық табыстар, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ал, балаларымыз жазғы демалысты қызықты өткізіп, жаңа оқу жылына тың серпіліспен келулеріне тілектеспін» — деп ізгі тілегін арнады.
Жалпы, биылғы оқу жылы киелі қаланың білім саласында бірқатар жетістіктермен ерекшеленді. Облыстық олимпиадаға қатысқан 145 оқушының 99-ы жүлдегер атанды. Республикалық олимпиадада 10 оқушының 7-і жеңімпаздар қатарынан табылды.
Орайы келгенде өңірдегі соңғы қоңырауға қатысты шараларды да назарларыңызға жеткізсек. Түркістан облысында 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында орналасқан №28 мектеп-лицейіндегі соңғы қоңырау рәсіміне қатысып, жас түлектерге жылы лебізін білдірді.
«Еліміздің болашағы — сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңыздыі тілеймін», — деді Бейсенбай Дәулетұлы
Аяқталған оқу жылы біздің өңіріміз үшін де жемісті жыл болды. 2023-2024 оқу жылында 32306 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 1727-і «Алтын белгі» белгісіне үміткер болса, 2466 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген.
2023-2024 оқу жылындағы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадаға қатысушы командалардың сапалық рейтингі бойынша Түркістан облысы 2 орынды иеленді. Ал жарытылыстану бағыты бойынша 4 орын алды.
2023-2024 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының облыстық кезеңіне жалпы 3293 оқушы қатысып, 1481 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңіне 286 оқушы жіберілді. Нәтижесінде 144 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Халықаралық олимпиадаларға 24 оқушы қатысып, 5 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
9-11 сыныптарға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 2022-2023 оқу жылындағы республикалық кезеңіне облыстан 65 оқушы қатысып, 19-ы (29%) жүлделі орынға ие болса, 2023-2024 оқу жылында 74 оқушы қатысып, 30 (40%) жүлделі орынға ие болды. Бұл көрсеткіш 11 пайызға өскен.
Шара соңында мектептің үздік оқушылары арнайы марапатталып, өнерлі оқушылар патриоттық әндер шырқап, мың бұралған бишілер көременнің ыстық ықылысына бөледі.
Ал Түркістан облысының әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ: «Ардақты ұстаздар! Құрметті оқушылар мен мектеп бітіруші түлектер!
Сіздерді тағы бір оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаймын!
Мектеп – үлкен өмірге қадамды нықтайтын кеме, білім – теңіз. Сіздер білім теңізінде желкендеріңізді керіп, жарқын болашаққа адымдап барасыздар.
Біз де оқушы болдық, ұстаз тәлімін алдық. Сондықтан 25 мамырда соғылатын «соңғы қоңыраудың» орны айрықша.
Биыл облыста 32306 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Оның 1727-сі «Алтын белгі» белгісіне үміткер болса, ал жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» 2466 үміткер бар. Сондай-ақ 9-сыныпты 45416 оқушы бітірмек. Негізгі білім туралы «Үздік аттестатқа» 4540 үміткер тіркеліп отыр. ҰБТ-ға 27340 оқушы қатысуға өтінім білдірген.
Қадамдарыңызға сәттілік тілеймін! Армандарыңызға жетіңіздер!
Ұлағатты ұстаздар!
Білімді ұрпақ өсіруде еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем болсын!
Мектеп бітіруші түлектер!
Жылдар бойы алған білімдеріңіз бен бойға сіңірген тәрбиелеріңіз өмір бойы сіздерге азық болсын! Жаңа өмірге қадамдарыңыз оң болсын! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтаңыздар! Сәттілік!» — деп жүрекжарды тілегімен бөлісті.
Естеріңізде болса, кеше Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты жалпы 1052 мектепте 518 733 оқушы 2023-2024 оқу жылының қорытындысына арналған «Білімім – Отаныма» жалпы республикалық бірыңғай тәрбие сағаты өтті. Әр аудан-қаладағы білім бөлімінің басшылары оқу ордаларына барып, тәрбие сағаттарына қатысып, түлектерге жылы лебізін білдірді.
Тәрбие сағатының мақсаты – балаларды ұстаздарды құрметтеуге, білім ұясына қамқор, білім алуға құштар болуға, жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу.
Тәрбие сағаты Әнұранмен басталып, ҚР Оқу-ағарту министрінің құттықтау сөзі жазылған видеоролик оқушылардың назарына ұсынылды.
Іс-шараға ата-аналар да қатысты. Сонымен қатар жыл бойы үздік болған оқушылар марапатталды. 9, 11-ші сыныптың түлектері «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында балалық шақтан болашаққа қадамы туралы эссе жазды.
Иә, білім — адам өмірінің ең маңызды құндылығы. Еліміздің болашағының жарқын болуы тікелей білімді ұрпаққа байланысты. Білім арқылы жастарымыз өз мүмкіндіктерін ашады, дүниетанымы кеңейеді, өзінің болашағын қалыптастырады. Сонымен қатар, жасында терең білім алған адам болашақта елдің гүлденуіне, экономикасының дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан да еліміздің асқақ арманын жүзеге асыратын жастарымыз өздерінің күнделікті алған білімін Отанымыздың болашағын жарқын етуге арнауы тиіс.
Кеше 2023-2024 оқу жылының соңғы оқу күні болды. Бұл күн әдеттегідей емес, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бастамасымен «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарымен басталды. Қаладағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы сынып сағаттарына қатысып, өздерінің Отанға, мектепке, ұстазға деген жылы лебіздерін білдіруде. Еліміздің әнұранын орындаудан басталған сынып сағаттарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың оқушыларға құттықтауы ұсынылды. Сонымен қоса, педагогтар да сәтті аяқталған жылды қорытындылап, оқуда озат болған оқушыларға марапат қағаздарын тапсырды.
Қаладағы №28 мектеп-лицейінде өткен бірыңғай сынып сағаттарына білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова қатысып, педагогтар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, жылы лебіздерін жолдады, оқушылармен сұхбат жүргізіп, пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде білімде озат атанған оқушыларды марапаттап, болашақтарының жарқын болуына тілектестігін білдірді.
Сөз соңында айтарымыз, Түркістан қаласында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер игі іске мұрындық болды. Бүгін “Бекзат” мөлтекауданының 1986 жылғы азаматтары жиырма жылдыққа орай баспана сыйлады.
Аталған мөлтекауданның азаматтарына мұндай бастама дәстүрге айналған. Бірнеше жыл қатарынан мұқтаж отбасыларды қуантып, алғысқа бөленіп келеді. Наурыз думан мерекесінде және 25 мамыр күні қарсаңында, жылына 2 рет беріледіі. Бұл – жанашыр жандардың тарапынан тарту етілген 17-ші баспана. Олар 2020 жылы дүниеден өткен достары Жарқынбек Өтеповтің отбасына үй салып берді. Соңғы қоңырау іс-шарасынан соң салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, бүгін еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Түркістан өңірінің білім ошақтарын биыл 32 мыңнан астам оқушы тәмамдап отыр. Болашаққа нық қадам басқан бітірушілерге мұндай игі істің үлгі болары анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.