Бүгін Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді мекендерде санитарлық тазалық пен көгалдандыруға қатысты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар жұмыла кірісті.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығының ішкі көшелерін аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағына барды. Онда отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйімен танысты. Қазіргі уақытта жасыл белдеу аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, бүгінгі ұйымдастырылған сенбілікте Шолаққорған ауылының аумағында бөлінген 5 сектордың, яғни ондағы 144 көшеге жауапты етіп бекітілген әр мекеме күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді.

Бізді қоршаған ортадағы сылдырай аққан бұлақ, жайқалған өскен ағаштар мен жасыл-ала шөп, саф ауа барлығы да табиғаттың бізге берген сыйы емес пе? Барлығының да сұрауы бар. Табиғатымыз таза болса, адам да аурудан таза, ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Ал, сол қоршаған ортаны, табиғатымызды аялау, қорғау, таза ұстау – біздің әрқайсымыздың парызымыз! 

Қоршаған ортаға зиян тигізетін де, айналаны қорғайтын да, керісінше оны көріктендіретін де – адамдар. Шындығын айту керек, «нашар экология» деген сөз тіркесі қазір қалыпты сөз қолданысына айналып келеді және бұл тіркеске ешкім таң қалмайтын да, селт етпейтін де болған. Бүкіл дүниеде болғанындай, өлкемізде де, қоршаған ортадағы ең үлкен проблема – қоқыс, ағаштардың кесілуі, ауаның, өзендердің ластануы десек артық айтқандық емес.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен.

Жалпы, Қазақстан топырағы киелі, құнарлы. Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою Үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталатыны белгілі. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Та­биғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрейік.

Салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуде. Адам ата мен Хауа ана жаратылғандағы табиғаттың табиғи мүсіні мен саф ауасының адамзат өркениетке ұмтылып, озық технология ойлап тауып жатқан бүгінгі заманда әбден тозып кеткені өкінішті-ақ. Әсіресе, қалалар көптеп тұрғызылып, қағаз өнімдерін тұтыну көбейген қазіргі уақытта бұл орман шаруашылықтарына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Нәтижеде бір жағынан жасампаздықпен алға ұмтылған адам баласына табиғат ананы да қамқорлыққа алу міндеті еселене түсуде.

Осы табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде өте-мөте ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызуды ұмыт қалдырмаудың мәні зор. Өйткені ағаш егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде бұл мәселе де қалыс қалмаған. Мәселен, мына бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» — дейді. Бұл жерден ағаш егудің өте маңызды екеніне көз жеткіземіз.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Міне осы секілді ағаш батпақты ғана кетіріп қана қоймай ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып жаны жай табады. Күнделікті қолданып жүрген материалдарымыздың көбі осы ағаштан жасалады. Кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер мен тақталар, мектеп парталары т.б.

Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл кейіпке бөленеді. Ауаны тазартып, суықта үйді жылытатыны да өз алдына.

Бір қызығы, жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда орасан қызмет атқаратын да осы ағаш. Халық даналары «Ауа адамсыз өмір сүре алады, Адам ауасыз өмір сүре алмайды» деп тектен тегін айтпаған. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмады. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізеді. Әсіресе қаладағы ағаштардың шуды азайтуға еңбегі орасан. Яғни шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден бір құрылғы.

Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар. Бұған қоса, ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол. Сондай-ақ табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау да адам баласына жүктелген міндет. Өйткені ислам діні тазалыққа шақыратын дін. Құранда және Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде тазалықтың маңыздылығы жайында айтылған.

«Тазалық иманның жартысы» деген хадис осының бір айғағы. Және Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнінде сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген екен.

Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Өкінішке қарай, бізде керісінше болып жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына сейілдеуге шыққанда, қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекінің қалдықтарын қалдырып, тіпті оны өшірместен тастап кеткеннің кесірінен бір орман алқаптары өртеніп осылайша табиғатқа кері әсерін тигізіп жататындар да кездеседі. Алла тағала адамзатқа көптеген нығметтерді аманат қылып берген. Сол амантқа қиянат жасамау да мұсылманның бір сипаты болып саналады. Бұл нығметтердің бірі осы біз сөз етіп отырған табиғат. Табиғатты исі мұсылман баласы жанындай қорғаштай білу керек.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin