
Жуырда Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іс-сапармен келген-ді. Сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Оның ішінде, көкөніс сақтау қоймасын, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісін және «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісін көзбен көріп, қолмен ұстады.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.
Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, 2026 жылы Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Онда крахмал өнімдері өндіріліп, 500 жұмыс орнын құру көзделуде. Кәсіпорынға Шардара ауданындағы индустриялды аймақ аумағынан 35 гектар жер телімі бөлінген. Жобаны іске асыруға тартылған жалпы инвестицияның көлемі 35 миллиард теңгені құрайды. Ал жобаны толық іске қосқанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Өндірістік кешен жылына 150 000 тонна жүгеріні терең өңдеуге бағытталған. Зауытта қалдықсыз өңдеу технологиясы қолданылмақ. Кәсіпорында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін шығару жоспарланған. Өндірісте генетикалық түрлендірілмеген жүгері ғана пайдаланылатын болады.
Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Азия мен Еуропа елдеріне де жеткізілмек. Бірегей кәсіпорын Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару желісін жолға қоймақ.
Компания тарапынан 2023–2025 жылдары 17 миллиард теңге инвестиция құйылған. Оның ішінде «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 3,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
Бүгінгі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 98%-ы аяқталған. Қазіргі уақытта 78 қызметкер жұмыс істеуде. Аяқталған немесе әзір тұрған нысандар:
Жүгеріні қабылдау және кептіру кешені;
Жалпы 30 000 тоннаға арналған 6 сақтау қоймасы;
Дайын өнімге арналған 4 қойма;
Әкімшілік ғимарат, жатақхана және асхана;
Жүгеріні терең өңдеу зауыты – аяқталу кезеңінде;
Барлық технологиялық құрал-жабдықтар Түркияның «Cemsan» компаниясынан әкелініп, толық орнатылған.
Зауытты 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған. Алғашқы кезеңде 200 адамды жұмыспен қамту көзделген. Жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, ішкі нарықты сапалы крахмал өнімдерімен қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қоспақ.
Осы сапары барысында сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделіп отыр.
Айта өтейік, ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары жұмыс сапары барысында Шардара ауданына да табан тіреді. Делегация өңірдегі ірі өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысты. Сенаторлар индустриялды аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Осы ретте биыл 10 айда 1 триллион 86 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып, 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып, 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып, 144,5 мың гектарға орналастырылған.
«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның — 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің — 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің – 27 пайызы — облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде», — дейді Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан облысында мақта, ет және жүгері кластері құрылып, терең өңдеу көрсеткіші ұлғайып келеді
Бұл туралы кешегі аптаның сейсенбісінде Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндаған болатын.
– Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Олар: мақта, ет және жүгері кластері. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді, мақта өсіруден бастап, жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдері өндіріледі. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады деп күтіліп отыр. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Түсім өте жақсы болды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынуда. Келер жылы көктемде іске қосылады. Құны – 35миллиард теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылу үстінде. Жоба құны – 50 миллиард теңге, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді.
Оған қоса, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жоба құны – 53 миллиард теңге. Мұнда жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі.
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінді
Басты мәселелердің бірі — Үкіметке агроөнеркәсіптік кешеннің экожүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, шетелден тартылатын инвестиция көлемін 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту міндеті қойылды. Тартылатын инвестиция тек шикізатты тасымалдауға емес, ең алдымен өңдеу саласын дамытуға бағытталуы тиіс. Осыған байланысты елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше назар аудару қажет. Мысалы, қазіргі таңда еліміздегі көп мөлшердегі бидай шикізат күйінде экспортталып жатыр. Оның орнына бидайды ұнға, ұнды нанға, макарон өнімдерінің сан түрлі түріне дейін өңдеп, дайын тауарды шетелге сатқан әлдеқайда тиімді. Бұл тәсіл ауылдық жерлерде өңделген өнімдердің өндірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың табысының өсуіне және салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етеді.
Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге бөлінді, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан тиімді әрі нақты даму жоспары қажет. Қазіргі таңда шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, отандық талаптарды ескере отырып, мал шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып отыр. Көрші елдермен және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен салыстырғанда, қазіргі таңда бөлініп жатқан қаржы жеткіліксіз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыны арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар, ұлттық тауарларды шетелдік нарықта бренд ретінде ілгерілету аса маңызды. Қазақстандық өнімдердің сапасын арттырып, халықаралық стандарттарға сай дайындау арқылы еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге болады.
«Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған.
Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек.
Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыруда.
Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді», — деді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде: «Терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды.
Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек деп айттым. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет», — деп нақты міндеттерді айқындап берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
