
Кезекті оқу жылы да аяқталып, балалардың жазғы демалысының басталғанына да бір ай толды. Бұл уақыт аралығында оқушылардың басым бөлігі мектептерде ұйымдастырылған жазғы мектептердегі оқуға қатысса, бір бөлігі түрлі демалыс орындарына, ауылға асыққаны анық. Ал, жазғы мектеп біткеннен кейін сауықтыру лагерлері де жұмыстарын бастап, оқушылар жазғы демалыстарын көңілді өткізуде.
Балғын балалардың жазғы демалысын жыл сайын жоғары дәрежеде өткізіп келе жатқан Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагері биыл да өз жұмысын бастады. Табиғаты тамсандыратын «Құшата» елдімекенінде орналасқан лагер биыл да 6 ауысымда 900 баланың демалуына жағдай жасап отыр. Солардың алғашқы легі яғни 150 бала қазіргі таңда лагер қызығын көруде. Бірінші ауысымның ашылуы салтанатына қатысқан Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы балалардың қуанышымен ортақтасты. Жас өрендердің өнерлеріне қол соққан басшылар демалыстарының жайлы болуы үшін барлық жағдай жасалғандығын, демалысты сәтті өткізіп, жаңа оқу жылына зор құлшыныспен бару қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, лагердің тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен танысып, ұжым мүшелеріне сәттілік тіледі. Өз кезегінде салтанатты шараға қатысқан ата-аналар да лагердің жұмысына жоғары бағаларын беріп, лагерь директоры Бекарыс Ақсақалұлы Шойбеков бастаған ұжымға ризашылықтарын білдірді. Ал, балалар ән мен биден шашу шашып, лагердің көңілді өтіп жатқандығын көрсете білді.
