Өкілеттігін тоқтатқан Бекболат Тілеухан басқа депутаттарға өтініш айтты

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бекболат Тілеухан не себепті басқа қызметке бара жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Айта кетейік, палатаның жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Ол міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген. Осы орайда ол бүгін Мәжіліс мінберінен сөйлеген сөзінде жаңа қызметті бойынша өмірінің келесі кезеңіне қадам басып жатқанын айтты.

«Сіздермен жұмыс істеген бір сәтім — өмірімнің бір белесі, кезеңі, яғни мен үшін бақытты жақсы шағым. Тайымда танып, тұлпардай қылып топқа қосқан әуелі Елбасына рахмет. Нұрағамыздың бастаған жолын ары қарай жалғастырып жатқан Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қамқорлығына, жасап жатқан марапаттарына шексіз алғысымды білдіремін. Парламент қабырғасындағы өмірім өте бір сәтті кезең деп білемін. Енді, қай жерде елге, мемлекетке пайдам көбірек тиеді, сол жерде болғанды міндет деп танығандықтан, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын. Біраз жұмыс істедік, артық айтқан сөзіміз болса, жаза басқан жеріміз болса, кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінемін», — деді Б. Тілеухан.

Сонымен қатар ол Парламент депутаттарына өз өтінішін жеткізді.

«Қазақ дейтін ұлттың тілінің, мәдениетінің, тарихының, ғылымының, руханиятының, салт-дәстүрінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ, басқа дамитын жері жоқ. Қазақ – ол шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт, тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, парасат көздеріңіз тарихи санамен, мемлекетшілдік оймен әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген өтінішім бар. Мұны депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде айтып отырмын. Істеріңізге береке тілеймін», — деді Бекболат Тілеухан.

Айта кету керек, экс-депутат Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.