Шымкентте 631 133 сайлаушы үшін 311 учаске жұмыс істеді

Бүгін Конституциямызға енгiзiлетiн өзгерістер бойынша жалпыхалықтық референдум өтуде. Шымкентте 311 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден бастап жұмысын бастады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.

 «Бүгін Қазақстан халқы үшін аса маңызды күн. Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум арқылы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы отыр. Жергіліктi биліктің міндеті — референдум учаскелерін қалыптастырып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Қала әкімдігі тарапынан бұл міндет толығымен орындалды», —деді қала әкімі.

 

Қазiргi таңда қалада 631 133 сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге құқылы азаматтар түрлі құралдар арқылы референдумға шақырылған. Ал, өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға жылжымалы жәшіктер ұйымдастырылды. Сонымен бірге, инватаксилер мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау қызметін атқарып жатыр.

Шаһарда референдум барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне жағдай жасалған. Байқаушылар кез келген учаскеге тіркеліп, референдум барысын бақылауда. Бұл бағытта халықаралық бақылаушылар да жұмыс істеуде. Шымқалаға референдумға байланысты Өзбекстан және Қырғызстан Республикасынан 12 шетелдік байқаушы келді.  Оның екеуі Қырғызстан, ал 10-ы Өзбекстан елінен келген. Халықаралық бақылаушылар шымкенттіктердің дауыс беруге белсене атсалысқанын айтады.

Сарапшылар, референдумға шымкенттік ардагерлердің де белсене қатысқанын тілге тиек етті. Оның себебі де жоқ емес. Ақсақалдар еліміздегі әрбір саяси өзгерістерге зор сеніммен қарайды.

Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы бастамасына қолдау бiлдiрген жеке транспорт компаниялары қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен тегін тасымалдауда.

Сандарды сөйлетсек, референдумның алдын ала қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 77,18 пайызы, яғни 6 млн 163 893 адам Ата Заңға өзгеріс енгізуді қолдаса, 18,66 пайыз, яғни 1 490 475 адам қарсы дауыс берген. ҚР Орталық референдум комиссиясының  төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, 7 986 293 тұрғын дауыс беруге қатысқан.

Айта кетейiк, бүгін халық дауыс беру арқылы еліміздің басты құжаты Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу туралы дауыс беруде.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You