Түркістан облысы: Сауран ауданында екі ауылдық округке табиғи газ берілді

Сауран ауданындағы Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтері табиғи газға қосылды. Табиғи газға қосылу шарасына Түркістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы, аудан әкімі Ғани Рысбеков, ауыл ақсақалдары және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Түркістан газ шаруашылығының басшысы Ақиқат Абдуллаев қатысып, халықты «көгілдір отынның» келуімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.

Табиғи газ беру жұмыстары Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінен басталды. Қалған елді мекендерге табиғи газ беру жұмыстары ретімен жалғасын табатын болады. Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтеріне табиғи газ №16 Ескі Иқан автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы беріледі. Аудан әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ елді мекендерге газ беру жұмыстарын жүргізуде. Әрі қарай әр азамат өз үйіне немесе басқа да нысандарға газ қосу үшін өтініш білдіріп, мердігер мекемелермен келісімшартқа тұрып, құжаттарды түгелдегеннен кейін жеке шот ашылып, абоненттер санына қосыла алатын болады.

Атап өтерлігі, тұрғындарды газбен қамту мәселесі түнеугүні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды жедел «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Түркістан облысындағы филиалына да ұсыныстар берілді.

– Адамдар газ келді деп қуанады. Бірақ газды үйге кіргізуге дейін түрлі қиындықтардан өтеді. Осы мәселені бақылауға алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек. Газ саласына қатысты әрбір мәселеге жауапты тұлғалар бекітіліп, тұрақты мониторинг жасалуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға кемшіліктерді жоюды тапсырған-ды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыста 31 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) бар. 5 АГТС құрылысы жүргізіліп жатыр.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің (2 млн. 75 мың тұрғын) 457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесек 1 млн. 529 мың тұрғын немесе 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

2022 жылы 69 газ нысанының құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 60 нысан 2023 жылға өтпелі. 2022 жыл қорытындысымен, 467 елді мекен (56,2%) немесе 1 млн. 561 мың халық (75,2%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге жетеді (86,8%) немесе 2 млн. 3 мың тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көреді.

«Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдікке 2021 жылы газ инфрақұрылымының 55 жобасын іске асыруға 7,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2021 жылы 5 жоба аяқталған. Бұл 7 елді мекенді, шамамен 18 мың адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстары Министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді», — дейді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Сонымен қатар, өңірді газдандыруды жалғастыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 23,3 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Бекітілген бюджетке сәйкес, 2022 жылы 10,2 млрд теңгеге 39 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде биыл 24 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл газға қосымша 31 елді мекен, яғни 41 мыңнан астам адам қол жеткізеді деген сөз.

Сондай-ақ, министр баламалы энергия көздерін игеру мен тарифтерді төмендету жұмыстары хақында: «Түркістан облысында жалпы қуаты 220,07 МВт болатын қолданыстағы 20 ЖЭК нысаны бар. Жоспарланған жобалар туралы айтатын болсақ, 2025 жылға дейін 11 ЖЭК нысанын іске қосу күтілуде. Электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтің шамамен 60%-ын энергия өндіруші ұйымдардан отын сатып алуға және тасымалдауға, импорттық материалдарды, қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды, салық төлемдері мен экологиялық алымдарды сатып алуға байланысты шығындар алады. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті — мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады. Заңға сәйкес, халыққа электр энергиясына баға белгілеу, сондай-ақ электр энергиясын беру тарифтерін («KEGOС» АҚ-ның) Комитет реттейді», — дейді.

Газ демекші, бүгінде Түркістанда құрылысы аяқталған жаңа нысандарды газбен қамту шаралары жүргізіліп жатыр. Сала мамандарының берген мәліметтеріне жүгінсек, қалада бүгінде 42 422 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Дәл қазір көгілдір отынды 38 648 абонент пайдалануда. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 91,1% құрады.

2022 жылы жаңадан қоныстанған, жер телімдерін екіге бөлген, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жеке тұрғын үйлерді газбен қамту нәтжесінде 1229 абонент табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94 пайызға жететін болады.

Алайда тұрғындар үйлерін тек жылыту маусымы жақындағанда ғана ойлап, құзырлы орындарға қазан айында келіп жүгінеді екен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы директорының айтуынша уақыттың тығыздығына қарамастан мамандар мәселені барынша тездетіп шешуге тырысып жатқан көрінеді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев: «Жаз уақытында адам келмейді. Бізде халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Ол жерде мамандарымыз тұрғындарға көмек көрсету үшін отыр. Халық жаз бойы келмейді, қыс тақағанда адам саны көбейіп кетеді. Бізде ол уақыттарға қызметкерлерімізді көбейте алмаймыз. Олар адамдардың бірден келуінен үлгере алмай қалады» — деп отыр. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.