Түркістан облысы: Сауран ауданында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам анықталып, жоғалған екі жасөспірім отбасына қайтарылды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу терезесі арқылы кіріп, 2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Бұл жөнінде Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы анықталды. Полицейлер оны полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ер адам түнгі уақытта жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын байқап, арам ойын іске асырған. Яғни қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені күшпен ашу арқылы үйге ұрлыққа түскен. Нәтижесінде ұрлаған алтындарды облыс орталығындағы ломбардтардың біріне өткізсе, ноутбуктың біреуін сатып кеткен. Ал ақшасын жаратып жіберген. Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған ноутбуктың біреуі тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері ескертеді, ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйлеріңіздің терезесіне темір тор қойып, бейнебақылау камераларын орнатыңыздар.                                 

Бұдан бөлек Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келді. Онда ер адам сағат 10:30 шамасында кәмелет жасына толмаған екі ұлы үйінен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалғандығын көрсетеді. Жақындары өз беттерінше іздегенмен, еш нәтиже шықпаған. Содан соң әкесі полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері жұмылдырылып, іздестіру шаралары жүргізілді. Тәртіп сақшылары үй маңындағы көшелерді аралап, куәлардан сұрастырды. Жасөспірімдердің баруы мүмкін жерлер, дос-туыстарынан жауап алынды. Басқа да қалалық, аудандық полиция бөлімдеріне бағытнамалар берілді.

Атқарылған іс-шара барысында жедел уәкілдер 1 тәулік ішінде Түркістан қаласының орталық базарларының бірінен екі жасөспірімді тауып, полиция бөліміне жеткізді. Табылған екі баланы ата-анасына аман-есен табыстады. Анықталғандай, 14 жасар ұл бала әкесіне ренжіп, таңертеңгісін інісін ертіп үйінен шығып кеткен. Содан Түркістан қаласына келіп, кешкісін базар маңындағы құрылысы бітпеген ғимаратта түнеп шыққан. Полиция қызметкерлерінің атқарған істеріне риза болған балалардың ата-анасы Сауран ауданының полицейлеріне өз алғыстарын жеткізді. Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Ал, егер де, балаңыз жоғалса тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.